Әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғайтылды

Әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғайтылды

Ана мен баланы қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда балалы отбасыларға бюджет тарапынан жәрдемақылардың 5 түрі төленеді. Ал, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 түрлі төлем қамтылады, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаменті Ана мен баланы қолдау басқармасының басшысы Гүлмира Жәкенқызының айтуынша, оның біріншісі, республикалық бюджеттен төленеді. Оның түрлері: бала тууына байланысты бiржолғы жәрдемақы; бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы;  бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға төленетін жәрдемақы;  мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге төленетін жәрдемақы.

Ал, екінші түрі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер, ол сақтандыру қоры қатысушыларына төленеді . Ол  жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем. 

Биылғы жоспар бойынша әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар 3 жарым миллионға жуық отбасыға берілуі тиіс екенін анықталып, оған  қажетті 1 триллион 700 млрд теңге қаржы қарастырылды. Бұл өткен жылда жұмсалған қаражаттан 20%-ға артық. Ағымдағы жылдың 7 айында 2 млн 600 мыңнан астам отбасыларға әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындалды.

«Біріншіден, баланың тууына байланысты әлеуметтік қолдау түрлеріне тоқталайық. Соның ішінде жұмыс істейтін ата-аналарға келетін болсақ, міндетті деңгейде жұмыс берушілердің қаражаты есебінен түскен әлеуметтік аударымдар негізінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда біржолғы әлеуметтік төлемдер тағайындалады.  Биылғы жылы 270 мыңнан астам аналар әлеуметтік осы төлем алады деп күтіп отырмыз. 2024 - жылғы 1 - тамызға аталған төлемді 151 мыңға жуық адамға төленді. Төлемнің орташа мөлшері әйелдердің табысына байланысты болады. Сонымен қатар 1 - қаңтардан бастап бала туғанда төленетін бір реттік жәрдемақы мөлшері ұлғайды. Биыл дүниеге келген бірінші, екінші және үшінші балалар үшін 140 мың теңге, ал төртінші және одан кейінгі балалар үшін 232 мыңнан астам теңге төленіп жатыр. Жыл басынан бері аталған жәрдемақы 230 мыңнан астам адамға төленді», – деді спикер. 

Жұмыс істемейтін ата-аналар үшін бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша бюджеттен ай сайынғы жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 21 мыңнан 32 мың теңгеге дейін мөлшерінің ұлғаюымен баланың туу кезегіне байланысты төленеді. Ал, әлеуметтік төлемнің мөлшері жұмыс істейтін ата-аналардың соңғы  2 жылдағы орташа айлық табысының 40%-н құрайды.  Бұдан бөлек, бала күтімімен отырған жұмыс істейтін ата-аналарға міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілді.

«Енді 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларға назар аударғым келді. Оның мөлшері сараланған. Төрт баласы бар отбасына төленетін жәрдемақының айлық мөлшері 59 мың болса, 8 баласы бар отбасылар ай сайын – 118 мың теңге алады. Ал, одан да көп балалары бар отбасыларға бұл сома әр бала үшін 15 мыңға жуық теңгеге артып отырады. Биыл бұл жәрдемақыны 600 мыңнан астам отбасыға төлеу қарастырылған және жалпы көлемі 475 млрд теңге қаражат көзделген», – деді ведомство өкілі. 

Көп балалы аналардың беделін арттыру үшін табысына қарамастан өмір бойы төленетін мемлекеттік жәрдемақы да тағайындалады.  Алтын және Күміс алқамен марапатталған аналарға мемлекет тарапынан арнаулы жәрдемақы қарастырылған. Ол өмір бойы беріледі және ай сайын төленеді. Биыл бұл жәрдемақы 238 мың анаға төленеді және бұл үшін республикалық бюджеттен 70 миллиард теңге қарастырылған.

Былтыр қабылданған Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері ұлғайтылған болатын. Биыл мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға мемлекеттік жәрдемақыны 109 мыңнан астам адам алады деп жоспарланған.

Сонымен бірге отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болған жағдайда, мемлекет отбасына қосымша атаулы әлеуметтік көмек ұсынады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша көмек көрсетілуде. 1-тамыздағы дейінгі ақпаратқа сүйенсек, онда атаулы көмекті 370 мыңнан астам адам алуда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саясат академиясының...