Премьер-Министр Олжас Бектенов қазақ даласында мұнай өндірісінің басталғанына 125 жыл толуына орай мұнай-газ кешенінің ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтап, ел экономикасы құрылымындағы саланың маңызын атап өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Үкімет басшысы марапаттау рәсіміне қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанды әлемдік энергетика нарығындағы жетекші ойыншылар қатарына қосқан сала ардагерлері, мұнайшылар, инженерлер мен ғалымдардың жанқиярлық еңбегі мен қажыр-қайраты үшін алғысын білдірді.
Премьер-Министр мұнай-газ секторын дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысының атынан еңбегімен ерекше көзге түскен мұнай-газ кешенінің 40 қызметкеріне марапат табыс етті. «Парасат» орденімен еңбек ардагері Махаш Рахметов, мұнайшы ардагер Олег Герштанский, сала сарапшысы Махамбет Досмұхамбетов, «Құрмет» орденімен мұнайшы ардагерлер Төремұрат Жармағамбетов, Рахман Исаев, Мадыхат Нұрмұханов, Нағанғали Өтеев, құбыршы Марат Тағанбаев, Шакимұрат Шамаров, IІI дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен ардагер мұнайшы Келтір Шаненов, технологиялық компрессорлар машинисі Ахмед Шадинов, «Ерен еңбегі үшін» медалімен мұнайшы ардагерлер Әбдірахман Қазиев, Қадырхан Өтесінов, слесарь-жөндеуші Есімбек Бердалиев, мұнай және газ операторы Көшербай Өтебаев және басқа да қызметкерлер марапатталды.
Олжас Бектенов елімізде «қара алтынның» айтарлықтай қоры бар екенін атап өтті. Расталған мұнай қоры 4 млрд тоннадан асады, бұл көлеммен Қазақстан әлемдік нарықтағы маңызды ойыншылардың біріне айналады. Мұнай экспортының жаңа бағыттары ашылды, оның ішінде Каспий бағыты бар. Еліміз арқылы мұнай мен газ транзитінің көлемі артып келеді. Қазақстанның ұлттық KEBCO мұнай бренді іске қосылды, ресурстық базаны кеңейту, геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттыру, өндірісті ұлғайту, жаңа жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамыту міндеттерін атап өтті. Саладағы жетістіктеріміз мұнай өндіру және оны тасымалдаумен ғана шектелмейді. Көмірсутектерді ішкі өңдеу саласын дамытуға көп күш жұмсалады. Атырау облысында полипропилен өндіретін зауыттың ашылуымен толыққанды мұнай-газ химиясы кластері құрылды. Алда полиэтилен және бутадиен шығаратын жаңа жобалар тұр. Аталған кәсіпорындар импортты алмастыруға ықпал етіп қана қоймай, шағын және орта бизнесті дамыту үшін қажетті жағдай жасайды. Алдағы жылдары жаңа газ өңдеу зауыттары салынады. Мұнай-газ кешені келешекте де экономикамыздың қозғаушы күшінің бірі болып қала бермек. Біз саланы инновациялық технологияларды енгізу арқылы және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, одан әрі дамытуды көздейміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отандық мұнай-газ химиясын дамыту және полиэтилен, полиэтилентерефталат және карбамид өндіру жобаларын іске асыру ішкі сұранысты қанағаттандыруға және қосылған құны жоғары отандық технологиялық өнім экспортын арттыруға мүмкіндік береді.