Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы сәтті жалғасуда. Бүгінгі таңда іріктеу мен дайындықтың барлық кезеңінен өткен 136 қатысушы директор болып тағайындалды. Оның ішінде 20 директор жайлы мектептерді басқарады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Биылғы жылы жобаның екінші кезеңі жүзеге асуда. Жыл басынан бері мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында еңбек ететін педагогтерден 13 796 өтінім қабылданған. Тестілеу нәтижесі бойынша келесі кезеңге 900-ге жуық үміткер өтті. Олар педагогикалық шеберлік орталығында «Өзгеріс көшбасшылары: заманауи білім беру ұйымын басқаруға жаңа көзқарас» тақыбыры аясында оқытудан өтуде. Әрі қарай әңгімелесу түрінде іріктеудің соңғы кезеңі ұйымдастырылады. Іріктеудің барлық 5 кезеңінен өткен қатысушылар республикалық кадр резервіне алынады.
«Оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат беріледі. Соның негізінде одан әрі жұмысқа орналасу үшін олар кадр резервіне енгізіледі. Резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады. Атап өтейік, барлық кезеңдерден сәтті өтіп, сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі», - деп атап өтті Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісімен білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау жөніндегі жобаны іске асыруда. Үміткерлер 8 ай бойы құзыреттілікті бағалау, үш деңгейлі оқыту, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Резервке қабылданған жаңа буын басшылары кадр мәселесін шешуге өз үлесін қосады, сонымен қатар жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді де басқаруға құзыретті болады.