Дуальды оқытумен қамтылған студенттердің 85%-ы бітірген сәттен бастап алғашқы үш айда жұмысқа орналастырылады — «Атамекен» ҰКП

Дуальды оқытумен қамтылған студенттердің 85%-ы бітірген сәттен бастап алғашқы үш айда жұмысқа орналастырылады — «Атамекен» ҰКП

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау және олардың біліктілігін жетілдіру мәселелері қаралды. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП  басқарма төрағасы Райымбек Баталов тақырыпқа қатысты баяндама жасады, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету — ең өзекті міндеттердің бірі екенін атап өтті. Ұлттық палата үшін Қазақстанның барлық бизнесі сияқты адами капиталды дамыту маңызды міндет әрі басым бағыт саналады.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңның 13-бабына сәйкес, Ұлттық палата елімізде дуальды оқытуды дамыту жұмыстарын жүзеге асырады.

«Функцияларға сәйкес, Ұлттық палата кәсіпорындар мен колледждер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіреді, дуальды оқыту туралы жасалған шарттардың тізілімін жүргізеді, кәсіпорындардың тәлімгерлерін оқытуды жүргізеді. Мысалы, дуальды оқыту жүйесін енгізу бойынша жол картасы аясында 496 колледжбен және 75 мың студент даярлау бойынша 7 мыңнан астам кәсіпорынмен келісімшарттар жасалды. 2014 жылдан 2024 жылға дейін ҰКП үйлестіруімен 208 мыңнан астам студент дуальды оқытумен қамтылды оның 85%-ы бітірген сәттен бастап алғашқы үш айда жұмысқа орналастырылды. 2025 жылы дуальды оқыту шарттарының тізілімін іске асыру мен жүргізудің барлық процесін цифрландыру жоспарланып отыр, кейіннен тізілім ҰКП сайтында орналастырылады», — деді басқарма төрағасы. 

Райымбек Баталов кәсіпорындардың жекелеген мысалдарына тоқталып, табысты кадрлық саясат пен дуальды оқытудың жарқын мысалын Allur компаниясы көрсететінін және мұндай мысалдар аз емес екенін атап өтті. Allur компаниясының өндірісінде жыл сайын колледждер мен жоғары оқу орындарының 300 ден астам студенті дуальды оқытудан өтеді. Компанияның 140-тан астам қызметкері Ұлттық палатада тәлімгерлік оқудан өтті.

Бұдан басқа, 2025 жылға қарай Allur зауыты Қостанайда «Салалық инновациялық ғылыми инжинирингтік орталық» құру жобасына бастамашы болады.

Ақтөбе, Павлодар және Қостанай облыстарындағы 14 колледж бен 2 жоғары оқу орнын қамтитын ERG колледждерінің Альянсы әлеуметтік табысты әріптестіктің тағы бір мысалы саналады. Альянс әмбебап мамандарды даярлаудың 33 эксперименттік бағдарламасын әзірледі, яғни студенттер бірден бірнеше мамандықты игереді.

«Мұнай-газ және машина жасау сияқты жекелеген салалардағы табысты кейстер барлық салалар мен жұмыс берушілер үшін бағдар болуы керек. Дегенмен, жетістіктерге қарамастан, біз еңбек нарығында теңгерімсіздікке тап боламыз. Кәсіптік білім беру жүйесі мен өндірістің нақты қажеттіліктері арасындағы алшақтық түбегейлі шараларды қажет етеді. Негізгі қадамдардың бірі тәжірибеге бағытталған оқыту мен қолданбалы пәндерге баса назар аудара отырып кәсіптік білім беру жүйесін реформалау болуы тиіс», — деп баса айтты спикер.

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға және оның жастар арасындағы тартымдылығын арттыруға тамаша мүмкіндік береді.

Жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру шеңберінде «Атамекен» ҰКП 2017 жылдан бері кәсіптік даярлау жөніндегі оқу орталықтарының тізілімін жүргізеді. Қазіргі уақытта тізілімде 583 білім беру ұйымы: атап айтқанда, 237 кәсіпорын, 186 колледж, 149 дербес оқу орталығы, 5 қауымдастық және 6 жоғары оқу орны бар, оның 67%-ын кәсіпкерлік субъектілері құрайды. 

«Оқу орталықтарында жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес, ЖАО жіберген жұмыссыз азаматтар оқытылады. Жұмыс берушілер өтінім берген кезде оқытылған адамды жұмысқа қабылдауға міндеттеледі, бас тартқан жағдайда даярлық шығындарын өтейді. Бүгінде Еңбек министрлігімен бірлесіп, оқу орталықтарының тізілімін жүргізу процесін цифрландыру және оны enbek.kz электрондық еңбек биржасында орналастыру бойынша жұмыс жүргізіледі», — деді Райымбек Баталов.

Оқу орталықтарының тізілімін цифрландыру тізілімге кіру кезеңдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді, оқытылған контингентті жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша оқу орталықтарын тексеру процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді және ұйымдардың тізілімге кіру уақытын қысқартады.

ҰКП алдағы жылдарға кадрларға қажеттілікті анықтау үшін жыл сайын бизнес субъектілері арасында сауалнама жүргізеді.

2024 жылы 50 мыңға жуық бизнес субъектілері сауалнамаға қатысып, олардың ішінде 13 мың кәсіпорын 130 мың маманға қажеттілігін көрсетті. Кадрларға қажеттілік бойынша талдау нәтижелері ЖАО-ның да, орталық мемлекеттік органдардың да мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру үшін пайдаланылады.

Ақпараттық жүйелерді интеграциялау және сауалнама рәсімдерін оңайлату арқылы деректерді жинауды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіледі.

«ШОБ дамытудың ұсынылған экожүйесі аясында, бізді мемлекеттік қолдау шараларын алушылар тізілімінің мемлекеттік жүйесіне біріктіруді ұсынамыз. Біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінде қалыптасқан деректерді нарықтық сараптама мен талдауды қосу арқылы пайдалануды ұсынамыз. Бұл еңбек нарығының толық бейнесін жасауға, кадрлар мен жаңа мамандықтарға деген қажеттілікті сапалы болжауды жүзеге асыруға, сондай-ақ «көлеңкеден шығуға» ықпал етуге мүмкіндік береді», — деп қорытындылады сөзін «Атамекен» ҰКП  басқарма төрағасы Райымбек Баталов.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы барлық негізгі макрокөрсеткіш бойынша оң динамиканы көрсетуде. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,8...

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау, салықтық және кедендік...