ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыс әкімдіктерімен селекторлық кеңесінде АӨК-нің негізгі капиталына инвестициялар тарту қарқыны талқыланды. Ағымдағы жылдың 7 айында АӨК-ке 488 млрд теңге сомасына инвестициялар тартылды, оның ішінде ауыл, орман және балық шаруашылығына - 407 млрд теңге, тамақ өнімдерін өндіруге - 81 млрд теңге. 2024 жылы 8 айда пайдалануға берілген 82 жобаны іске асыруға тартылған инвестициялар 66,5 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Инвестициялық жобалардың негізгі бағыттары мал шаруашылығы, оның ішінде сүт-тауар фермалары және құс етін өндіру, өсімдік шаруашылығы, суару жобалары, өнімді сақтау жобалары болып табылады. Сонымен қатар, ет, сүт және астықты терең өңдеу, сондай-ақ өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамыту да басымдыққа ие.
Жобаларды іске асыру бойынша Павлодар, Ақмола, Түркістан, Жамбыл және Қарағанды облыстары көшбасшы болды. Сонымен қатар, АӨК саласында бірде-бір жоба Алматы, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында жүзеге асырылған жоқ.
«Бұл жобалардың әлсіз пысықталуын, іске асыруға қызығушылықтың жоқтығын көрсетеді, алайда олардың бұл саланы дамытуда үлкен әлеуеті бар», – деді министр Айдарбек Сапаров өңірлердің жұмысын сынға ала отырып.
Айдарбек Сапаров инвестициялау үшін жағдайлар жасалғанын атап өтті: қаражат тартылды – жеңілдікті несиелер, инвестициялық субсидиялар бар, бірақ жергілікті жерлерде жұмыс істеу қажет.
Министр әкімдіктерге 2024 жылға жоспарланған инвестициялық жобаларды уақытылы пайдалануға беру жөнінде шаралар қабылдауды, қаржы институттарына – техниканы жаңарту, жаңа технологияларды енгізу үшін жеңілдікті кредиттер мен лизингтік бағдарламаларды ұсынуда икемділікті арттыру есебінен қаржыландырудың барынша қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.