Жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев "Эйкос" ЖШС-ның Семей қаласындағы автокөлік шиналарын қайта өңдеу орталығына барды. Бұл жоба шиналарды қайта өңдеп, утилизациялау арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
"Эйкос" ЖШС – Қазақстандағы автокөлік шиналарының ең ірі импорттаушы және жеткізуші компанияларының бірі. Компанияның корпоративтік клиенттері қатарында «ӨзенМұнайГаз», «ҚазТрансГаз», KEGOC, ҚТЖ және PetroRetail сияқты 10 000-нан астам ірі ұйымдар бар. Компанияда 17 қалада 1300 қызметкер жұмыс істейді.
Семейдегі орталық жылына 6 260 тонна автокөлік шиналарын қайта өңдейді, ал екі ауысымды жұмыс режиміне көшкенде өндірістік қуаттылық 12 520 тоннаға дейін артады. Сондай-ақ, компания пиролиз әдісімен шиналарды қайта өңдеу жобасын іске қосуды жоспарлап отыр, бұл тағы 3 130 тоннаға қосымша өңдеуді қамтамасыз етеді. Жобаның жалпы жылдық қуаты 15 650 тоннаны құрайды.
Экология министрі осындай бастамалардың экологияны жақсартуға маңыздылығын атап өтіп, мұндай орталықтардың Қазақстанның басқа өңірлерінде де ашылатынына үміт білдірді.