Тарихта тұңғыш рет ұлттық құрама Француз қаласы Лионда өткен 47-ші WorldSkills халықаралық чемпионатында 7 медальон жеңіп алды. Ел намысын 30 құзыреттілік бойынша 32 қатысушы және 30 халықаралық сарапшы қорғады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
«Ұлт үздігі» номинациясы және құзыреттіліктер бойынша үздіктер:
• Руслан Юсупов — Орал ақпараттық технологиялар колледжінің студенті — «Веб-технологиялар»;
• Әйгерім Досова — Шымкент қаласының жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі — «Сән технологиясы»;
• Данияр Әбікенов — Қостанай автомобиль көлігі колледжінің студенті — «Желілік және жүйелік әкімшілендіру»;
• Михаил Попов — Алматы құрылыс-техникалық колледжінің студенті — «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары»;
• Тимур Бабенко мен Эльнар Жуасбаев — Семей қаласының Радиотехника және байланыс колледжінің студенттері — «Мобильді робототехника»;
• Жанель Сағындық — Алматы қаласы «Әділет» колледжі — «Қонақ үй ресепшионисті»;
• Артур Лейман — Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенті — «Мейрамхана сервисі» — «Ұлт үздігі» номинациясы.
WorldSkills Lyon — 2024 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатына 69 елден 1500-ге жуық колледж студенттері қатысты.
Анықтама: WorldSkills International 25 жасқа дейінгі жас мамандардың кәсіби дағдыларын анықтауға және дамытуға бағытталған ірі халықаралық жарыс болып табылады. Чемпионат халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және цифрлық трансформация жағдайында жұмысшы мамандықтары мен заманауи техникалық білімнің маңыздылығын арттыруға бағытталған, оған әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар жиналады. Мақсаты — бүкіл әлем бойынша техникалық мамандықтар бойынша кәсіби даярлықтың мәртебесі мен стандарттарын насихаттау. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Қазақстан құрамасы Гданьск қаласында өткен EuroSkills чемпионатында алғаш рет 2 медаль және 4 медальон жеңіп алды.