2024-2025 оқу жылында елімізде 3 млн-нан астам бала қосымша білім берумен қамтылады деп жоспарлануда. Бұл жалпы білім алушылардың 86,3%-ы, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда елімізде 1713 мектептен тыс ұйым әр бағыттар бойынша 380 үйірме түрін ұсынады: ғылыми-техникалық, музыкалық, көркем-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетану, әскери-патриоттық, әлеуметтік педагогикалық және тағы басқалары.
Республикалық және өңірлік деңгейлерде 15 жобалық кеңсе, дебаттар мен өзін-өзі басқару штабтары, оқушылар мен студенттердің 20 дебаттық лигасы құрылып, балалардың сыни ойлау және көшбасшылық қабілеттерін дамытуда.
«Министрлік қосымша білім беру жүйесін дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Балаларды сауықтыру және олардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамыту жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде 2025 жылға дейін ауылдық мектептерде мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарының 1 мың комьюнити-орталықтарын ашу бойынша жұмыс басталды. Қазіргі уақытта ауыл мектептерінде осындай 468 орталық ашылды. Жалпы 2027 жылға дейін 100 қосымша білім беру орталығын ашу жоспарланған», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім беру департаментінде.
Сонымен қатар балалар-жасөспірімдер мен еріктілер ұйымдарының қызметін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағдарламаның тағы бір маңызды тұсы мамандардың біліктілігін арттыру болып табылады: 3500-ден астам қосымша білім беру педагогі, дебаттық клуб жетекшілері, оқушылар мен студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдарының педагогтері мен үйлестірушілері оқудан өтті.