Органик Экспо: Орта Азия елдерінің сарапшылары Бішкекте бас қосты

Органик Экспо: Орта Азия елдерінің сарапшылары Бішкекте бас қосты

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында «Органик Экспо – Орта Азия 2024» аймақтық Форумы өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.

Үш күнге созылған ауқымды шарада қатысушылар органикалық, регенеративті ауыл шаруашылығын жүйелі ілгерілету, таулы аймақтардың биомәдени әртүрлілігін сақтау, Орта Азия елдерінің ауыл шаруашылығы секторының тұрақты дамуына қол жеткізу мәселелерін талқылады.

Аталмыш Форумға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев арнайы қатысты.

Орта Азия елдерінен келген білікті сарапшылар алдында сөз сөйлеген Ербол Есенеев Қазақстандағы органикалық ауыл шаруашылығының дамуында «Атамекен» ҰКП-ның рөлі жайында баяндады.

«Қазақстанда Еуропалық стандартпен сертификатталған 63 кәсіпорын органикалық ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істеуде. Олардың Қазақстан бойынша жұмыс аумағы 300 мың гектарды құрайды. Біз Германия, Нидерланды, Польша, Чехия, Литва, Норвегия сынды әлемнің алпауыт елдеріне зығыр, бидай, күнбағыс, жасымық, соя сынды органикалық өнімдерді жеткізіп отырмыз. «Атамекен» ҰКП органикалық ауыл шаруашылығын дамытуды түбегейлі қолға алды. Қазақстан Үкіметі Ұлттық кәсіпкерлер палатасына осы бағытта жұмыс істейтін жобалық кеңсе құруды сеніп тапсырды. Осылайша былтыр «Атамекен» ҰКП «Organic» мемлекеттік жобалық кеңсесін іске қосты. Бүгінде біз тиісті салаға қатысты мемлекеттік органдарды жобалық кеңсе алаңына жинап, органика бойынша дұрыс бағытта жұмыс істеу жайын көрсетудеміз», - деді Ербол Есенеев.

Өз сөзінде спикер Форумға қатысушыларды болашақ ұрпақ үшін жүгі ауыр әрі  жауапты жұмыста бірігуге шақырды.

«Биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» Заңға қол қойды. Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар, бүкіл әлем үшін де өте дұрыс қабылданған Заң деп есептеймін. Өскелең ұрпаққа «Таза әлемді» мирас ету баршамызға ортақ міндет! Сол үшін аталмыш бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырамын», - деп Есенеев өз сөзін түйіндеді.

 «Атамекен» ҰКП алаңынан құрылған «Organic» мемлекеттік жобалық кеңсесі бүгінгі күнге дейін бірнеше ірі жобаларды жүзеге асырып, осы бағытта жұмыстарды қарқынды жалғастыруда. Мәселен, таяуда Ақмола облысында «Еңбек» ЖШС-нің базасында Қазақстанда алғаш рет органикалық сүт өнімдері фермасының ашылуы күтілуде. Одан бөлек, Жамбыл облысының шаруалары органикалық көкөністер өндірісін кеңейту бойынша жұмыстарды қолға алды. Нәтижесінде Қазақстанда сертификатталған органикалық өнімдер өндірісінің артуы күтілуде.

Айта кетейік, Форум аясында органикалық технологиялар көрмесі мен органикалық және экологиялық таза өнімдер жәрмеңкесі өтті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...