Астанада WALS-2024 халықаралық конференциясы басталды

Астанада WALS-2024 халықаралық конференциясы басталды

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының (World Association of Lesson Studies) халықаралық конференциясын өткізуде, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Ауқымды шара 30-ға жуық мемлекеттен келген танымал сарапшылар, ғалымдар, практик педагогтердің басын қосты. Астаналық WALS-2024 конференциясы заманауи педагогикадағы стратегиялық тренд «Сабақты зерттеу: үздік оқу мен оқытуға ұмтылу» тақырыбына арналған. 

Конференция жұмысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің конференцияға қатысушыларға жолдаған хатын оқып берді. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына, әсіресе, оқыту сапасы мен педагогтарды дайындау ісіне ерекше көңіл бөледі. Сабақты зерттеу – бұл уақыт сынынан өткен және көптеген қазақстандық мұғалімдердің тәжірибесінің ажырамас бөлігіне айналған педагогикалық тәсіл. 10 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның білім беру жүйесіне осы тәсілді енгізу бойынша кешенді және кең ауқымды жұмыс жүргізіп келе жатқан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің еңбегі зор. Конференцияны өткізу ғылыми және педагогикалық зерттеулер процесін жақсартуға үлес қосатыны, одан әрі жемісті жұмыс үшін ынталандыратыны сөзсіз. Қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, одан әрі зерттеу жұмысының бағыттарын жандандырып, кеңейту, білім беру сапасын одан әрі арттыруға ықпал ететін ғылыми әлеуетті тиімді пайдалану өте маңызды. Конференция әлемде білім беруді дамытудың озық идеяларын ілгерілету мәселелері бойынша халықаралық диалог үшін тиімді алаң болатынына сенімдімін», — делінген Премьер-Министрдің хатында.

Қазақстандағы білім беру сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды бастама іске асырылып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. 3 жыл ішінде 7000-ға жуық мемлекеттік мектептің 1300-і қайта жаңартылады. Жекеменшік мектептерге қолдау көрсетуге айтарлықтай ресурстар бөлінеді. 

«Білім беру сапасын жүйелі түрде арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде «мақсатты мектептердің», яғни қосымша әдістемелік қолдау көрсетуді талап ететін білім ошақтарының әлеуетін арттыру жөнінде біршама ауқымды жоба іске асырылып келеді. Оқу-ағарту министрлігі жүргізген талдауға сәйкес, бізде 2000-ға жуық осындай мектеп бар. Бірнеше жыл бойы Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері сияқты жетекші білім беру ұйымдарының тәжірибесін тарату арқылы еліміздің ауылды аймақтарында тірек мектептер құру жөнінде жоба іске асырылып жатыр. Алдағы 2 жылда аталған жоба есебінен 200 тірек мектептері желісін құру жоспарлануда. Олар алдағы уақытта алған тәжірибелерін еліміздегі басқа да ауыл мектептеріне тарататын болады», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Вице-премьер пікірінше, «Сабақты зерттеу» тәсілінің ауқымын кеңейту білім беру сапасын жүйелі арттырудың негізгі шарты болмақ. Аталған әдіс қазірде елдегі мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған оқу бағдарламасына жеке бөлім ретінде енгізілген. «Lesson Study» ғаламдық трендті отандық білім беру жүйесіне енгізумен Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагогикалық шеберлік орталығы айналысуда. Қазірде ол «Сабақты зерттеу» идеяларын ілгерілету жөнінде көрші мемлекеттердің педагогтері арасында үлкен жұмыстарды бастады.

«Біз оқушының дүниетанымы мен әлем туралы көзқарасы мектеп кезеңінде қалыптасатынын естен шығармауымыз керек. Сондықтан еліміздің ертеңі оқушыларды тәрбиелеу жүйесін қандай негізде құратынымызға байланысты болмақ. Баланың бойына адами қасиеттерді сіңіріп, өзіне және еліне, ата-анасына адал болуға тәрбиелеп, құндылықтарды дарытуымыз қажет», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Халықаралық шара 24-26 қыркүйек аралығында өтпек. Оның аясында заманауи педагогиканың танымал басымдықтарына арналған симпозиумдар, постер сессиялар, шеберлік сағаттары және елордалық мектептерде кездесулер жоспарланған. Айта кетейік, бұған дейін конференциялар Сингапур, Жапония, Қытай, Ұлыбритания және басқа да мемлекеттерде өткен.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...