Қазақстан мен Марокко визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды

Қазақстан мен Марокко визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды

БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Марокко Корольдігінің Сыртқы істер, африкалық ынтымақтастық және шетелдегі марокколықтар жөніндегі министрі Насер Буритамен екіжақты кездесу өткізді. Министрлер саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастардың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Марокко Корольдігінің Үкіметі арасындағы ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды. Аталған Келісім екі ел азаматтарының сапарларын жеңілдетуге бағытталған және екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Келісімге сәйкес, Қазақстан және Марокко азаматтары жарамды ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың негізінде екі елдің аумағына кіру, шығу, транзитпен өту және уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады. Әрбір болу мерзімі кіру сәтінен бастап 180 күннің ішінде 30 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.

Сонымен қатар Келісімде көзделген мерзімнен ұзақ болуды немесе еңбек қызметімен, білім алу немесе кәсіпкерлікпен айналысуды жоспарлаған тараптардың азаматтары қабылдаушы мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелерінен тиісті виза алуға міндетті.

Келісім тараптардың қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...