Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтты, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап.
Сонымен қатар еліміздегі оқу-ағарту саласын дамыту жолында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.
– Менің тапсырмаммен «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл құжат ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға ықпал етті. Қазір мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Олар негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттерден босатылды. Осы заңға сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл – жай атақ емес, мәртебелі мемлекеттік награда. Оның иегеріне қомақты сыйақы беріледі. Республика бойынша 46 мұғалім осы наградаға ие болды. Сондай-ақ қазір ұстаздарға академиялық дәрежесіне сәйкес үстемеақы төленіп жатыр. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1800 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл – өте жақсы үрдіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білім саласындағы үздік мамандарды, яғни нағыз көшбасшыларды іріктеу жобасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Қазірдің өзінде аталған жобаға қатысқан 134 педагог мектеп директоры болып тағайындалған.
Бұдан бөлек, Президент білім сапасын арттыру, балаларды үйлесімді және жан-жақты дамыту үшін мемлекет тарапынан қолға алынған жүйелі шараларға назар аударды.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында келесі жылы 460 мыңнан астам балаға арналған 217 жаңа мектеп салу жоспарланған. Олар заманауи талаптарға сай жабдықталған озық білім ошағы болады. Мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз білім алуына қолайлы жағдай жасалады. Аталған ауқымды жоба үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, қала мен ауыл мектептеріндегі білім алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елімізде жыл сайын кемінде мың мектептің ғимаратына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Білім беру процесін цифрландыруға баса назар аударылады. Барлық мектепті жылдамдығы жоғары интернетке қосу бойынша кешенді жұмыс қолға алынады. Қосымша білім беруге ерекше мән беріледі. Оның аясында үш миллионнан аса адамды қамту жоспарланып отыр. Биыл отандық мектептердің оқушылары халықаралық олимпиадалардан 360-тан астам медаль жеңіп алды. Бұл – ұстаздарымыздың жанкешті еңбегі мен кәсібилігінің жемісі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ұлағатты ұстаздар тұтас ұлтты тәрбиелейтінін атап өтіп, жастардың бойына адал азаматқа тән қасиеттерді сіңіру өте маңызды екенін жеткізді.
– Оқушыларды білімпаздыққа, отаншылдыққа, еңбекқорлыққа баулу қажет. Әрине, қазіргі заманда бұл оңай шаруа емес. Соңғы кезде интернеттің теріс бағыттағы шырмауына түскен жастар көбейіп кетті. Біз балаларды түрлі қатерден қорғай білуіміз керек. Осыған байланысты нақты шаралар қабылданып жатыр. Менің тапсырмаммен «Біртұтас тәрбие» атты арнайы бағдарлама дайындалды. Бұл құжатта Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілді. Мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне ұстаздармен бірге ата-аналар да атсалысуы қажет деп санайды. Бұл орайда, Президент мұғалімдердің пандемия, су тасқыны кезінде оқу үдерісін тоқтатпай, міндетін адал атқарып, елге жанашырлық танытқанын мысал етті.
– Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Бір сөзбен айтсақ, барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу. Себебі сіздер бала оқыту арқылы келешектің кірпішін қалайсыздар. Қазақстанның дамыған ел болуына зор үлес қосып жүрсіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіз ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбегі ерен мұғалімдер жеткілікті екенін атап өтіп, алдағы уақытта олар да назардан тыс қалмайтынын айтты.
– Ұстаздар әулетіне айрықша мән беріледі. Бүгін мен білім беру ісінде 350 жыл еңбек өтілі бар Асылаевтар отбасы туралы мақаланы оқыдым. Олар Абай облысында тұрады екен. Мұндай өнегелі әулеттер елімізде көп деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын соңында Мемлекет басшысы білім беру ісіндегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ педагогке «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырды.
Іс-шарада Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының мұғалімі Ағыбай Нұғыманов, Ақтөбе қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы №23 орта мектеп-лицейінің мұғалімі Наталья Пеннер сөз сөйледі.