Ресей, Мәскеу қаласы
Мәскеуге жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті дәстүрлі қонақжайлығы және Ресейдің ТМД-ға төрағалық ету барысында нәтижелі жұмыс атқарғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты.
Мемлекет басшысы 1991 жылы Алматы Декларациясының негізінде құрылған ТМД-ның әлеуетін беделді халықаралық ұйым ретінде одан әрі нығайту Қазақстан үшін басты басымдықтың бірі екеніне назар аударды.
– Өткен ғасырдың 90-жылдарында Балқан түбегіндегі секілді күрделі жағдайларға посткеңестік аумақта жол берілген жоқ. Мұнда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үлесі зор деуге болады. Сондықтан Достастықты сақтау керек деп ойлаймын. Осы мақсатта өзара сенімді нығайтудың ең тиімді шараларын қабылдап, мемлекеттер басшылары деңгейінде бір-бірімізді негізсіз сынап-мінеуден аулақ болып, ұстамдылық пен парасаттылық танытқанымыз жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің айтуынша, геосаяси тұрақсыздық пен аумалы-төкпелі халықаралық ахуал жағдайында өтіп жатқан бүгінгі кездесу Ұйым жұмысына тың серпін беруге тиіс.
– Біздің ел Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жасауға деген ұмтылыстарын құптайды. Сонымен қатар Орталық Азия аймағындағы мемлекетаралық шекаралардың жекелеген бөліктерін заңдық тұрғыдан ресімдеуді аяқтау ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жаһандық ынтымақтастық пен даму үдерісіне елеулі үлес қосып келе жатқан тиімді өңірлік ұйым ретінде халықаралық деңгейде кеңінен мойындалғанына тоқталды.
– Достастық БҰҰ-ның түрлі құрылымымен, сондай-ақ басқа да көптеген халықаралық және өңірлік ұйыммен ұтымды байланыс орнатты. ТМД-ның әлемдік аренадағы беделі артып келеді. Былтыр ТМД жанындағы Бақылаушы және Серіктес мәртебесі бекітілді. Бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және ашықтығын көрсетеді. Осы жүйелі жұмысты жалғастырып, «ТМД +» форматын құру туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Мұндай алаң Достастықтың өңірлік байланыстарын кеңейтуге негіз болады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, әлем экономикасында тұрақсыздық белең алып тұрған жағдайда сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері ұдайы назарда болуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін ТМД нарықтары қашанда маңызды екенін жеткізді. Еліміздің сыртқы тауар айналымының төрттен бір бөлігінен астамы осы нарықтың еншісінде.
– 2023 жылы қабылданған Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы және инвестицияларды жүзеге асыру туралы келісім сауда-экономикалық байланыстарымызды жан-жақты тереңдетуге ықпал ететініне сенімдімін. Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперация, кедендік реттеуді оңтайландыру, жаңа логистика тізбектерін қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бойынша ықпалдастықты күшейту жұмыстарын жалғастырудың маңызы зор. Бүгінде жәрмеңке саудасына сұраныс жоғары. Осыған орай «Достастық жәрмеңкесі» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ТМД елдерінің түрлі қалаларында жыл сайын сауда-саттықтың көрігін қыздыратын іс-шаралар өткізуге болады. Оған бүкіл Еуразия өңіріндегі шеберлер мен шаруаларды да шақырған жөн. Алғашқы көрмені Қазақстанның ең көне қалаларының бірі – Таразда ұйымдастыруға дайынбыз. Бұл шаһар ежелде Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды торап болғандықтан «керуеншілер қаласы» деп те аталған,– деді Президент.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық кооперацияның тиімділігі көлік дәліздерінің дамуымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан негізгі халықаралық бағыттардағы теміржол инфрақұрылымын жаппай кеңейтуге кіріскенін айтты.
– Былтыр ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынған едім. Бұл жұмысты мейлінше тезірек аяқтауымыз керек. Жалпы, «Бір белдеу, бір жол», «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий бағыты сияқты жаһандық жобаларды өзара үйлестіру Еуразия құрлығындағы экономикалық, институционалдық және көлік-логистикалық дамудың бірыңғай тұжырымдамасын құруға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыруды перспективті міндеттің бірі деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД халықтарының мәдени және рухани байланыстарын нығайту мәселесіне баса назар аударды.
– Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыздың салалары мен бағыттарын үнемі кеңейтіп отырғанымыз жөн. Таяуда Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 85 елден 2 мыңнан астам спортшы келді. Бұл әлемде этноспорт қозғалысына, бұрынғы көшпелі халықтардың мәдени мұрасына қызығушылық зор екенін көрсетті, – деді Қазақстан Президенті.
Жоғары оқу орындары мен жастар арасындағы қарым-қатынасты дамыту – бірлескен жұмыстың маңызды бағыты. Мемлекет басшысы студент алмасу және ғылыми тағылымдамадан өту ісін жандандыру үшін «Достастықтың академиялық астанасы» атты жаңа бағдарламаны іске қосуды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Еуразиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын бірлесіп әзірлеудің де айрықша мәні бар. Президент мұндай тағдыршешті мәселенің ТМД елдерінде талқылануы орынды деп санайды.
Қазақстан Президенті келесі жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты ойын жеткізді.
– Бұл – Достастық елдерінің барлық халқын біріктіретін айтулы дата. Еркіндік пен әділдік салтанатының нышанына баланатын мазмұнды мереке. Біз әкелеріміз бен аналарымыздың, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің адамзат тарихындағы өшпес ерлігін әрдайым есте сақтауға тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ТМД-ға Тәжікстан Республикасынының төрағалық ету және кезекті саммитті Душанбеде өткізу туралы шешімді қолдайтынын жеткізді.
Жиында Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.