Ауыл шаруашылығы министрлігі: 2024 жылы қант қызылшасының рекордтық өнімі күтілуде

Ауыл шаруашылығы министрлігі: 2024 жылы қант қызылшасының рекордтық өнімі күтілуде

Егін жинау науқанының қорытындылары Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнім жинау алаңы 23,3 млн гектарды құрады, оның 16,7 млн гектарын дәнді және бұршақты дақылдар алып жатыр, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров республика бойынша дәнді дақылдарды жинау аяқталғанын, жүгері жинау жүргізіліп жатқанын айтты. 

«Күзгі қолайлы ауа райы жағдайлары, жинау кезінде жауын-шашынға қарамастан, егін жинау науқанын елеулі шығынсыз жүргізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, бүгінгі күні республика бойынша дәнді дақылдарды жинау аяқталып, дәнге арналған жүгеріні жинау жалғасуда», — деп мәлімдеді министр.

Оның айтуынша, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 99,7%-ы жиналды. Бүгінгі күнге орташа өнімділігі 16 ц/га құрап, 26,5 млн тонна астық бастырылды. Өткен жылы орташа өнімділік 10,3 ц/га болды. 

Бұл тұрғыда жоғары өнімділікке қолайлы ауа райы жағдайлары мен агротехнологияларды дұрыс қолдану, яғни сапалы тұқымдарды пайдалану, минералды тыңайтқыштарды енгізу және өсімдіктерді тиімді қорғау арқылы қол жеткізілді.

Оңтүстік өңірлерде, атап айтқанда, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында жоғары өнімділік көрсеткіштері байқалады. Ал негізгі астық егетін өңірлер арасында ең жоғары өнімділік Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді, мұнда орташа өнімділік 18,6 ц/га құрады. Ақмола облысында – 14,1 ц/га, ал Қостанай облысында – 14 ц/га болды.

Аталған өңірлерде агротехникалық іс-шараларды қатаң сақтайтын кіші шаруашылықтардың өздері де орташа деңгейден жоғары өнім алған. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы «Ақ-Жер 210» шаруа қожалығы 42,5 ц/га бидай жинады. Қостанай облысында «Сарыкөл Агро» шаруа қожалығы 40 ц/га өнімділікке қол жеткізді. Сондай-ақ Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы «Свободное» шаруа қожалығы 35 ц/га өнім алды.

«Алайда, сол өңірлерде агротехнологияларды сақтамайтын шаруашылықтар да бар: сапасыз тұқымдарды пайдаланады, тыңайтқыштарды енгізбейді және өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткіліксіз қолданады, тек жақсы ауа райына ғана үміт артады. Нәтижесінде олардың көрсеткіштері аудан бойынша орташа деңгейден айтарлықтай төмен болды. Мысалы, Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы «Агро Жер» шаруа қожалығы 5 ц/га өнімділік көрсетті. Сондай-ақ Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы «Донской Агро» шаруа қожалығы 5,4 ц/га өнім алды. Мұндай жағдайлар барлық облыстарда кездеседі. Осыған байланысты облыс әкімдерінен агротехнология талаптарын сақтамайтын шаруашылықтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұраймын»— деді Үкімет отырысында А. Сапаров.

Ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалған, жеңілдікті қаржыландырудан бастап дизельдік отынмен қамтамасыз етуге дейін.

Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға бағытталған міндеттемелер туралы ауыл шаруашылығы өндірушілерін дұрыс ақпараттандырудың маңызы зор. 

Дәнді дақылдарды жинаудың аяқталуына байланысты ауыл шаруашылығы техникасы майлы дақылдарды жинауға көшірілді. Бүгінгі күні майлы дақылдарды жинау 1,9 млн гектарда немесе егістік алқабының 66%-ында жүргізілді, жалпы майлы тұқымдар көлемі 2,1 млн тоннаны құрап, орташа өнімділік 10,7 ц/га болды.

Сондай-ақ картоптың жалпы түсімі 2,8 млн тоннаны құрап, өнімділік 236 ц/га. Көкөніс дақылдары 3,8 млн тонна жиналып, өнімділік 309 ц/га құрады.

«Биыл қант қызылшасының рекордтық өнімі күтіледі. Қант қызылшасының 10 мың гектары немесе 40%-ы жиналып, өнімділік 540 ц/га құрады, барлығы 549 мың тонна жиналды. Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктері жаңа өнімді қант зауыттарына жеткізу мәселесін қарастырып, әрбір ауыл шаруашылығы өндірушісінің жинау кестесіне сәйкес қызылшаны қабылдау кестесін жасағанын атап өту керек. Бүгінгі күні өңдеуге 432 мың тонна қант қызылшасы жеткізілді», — деді спикер.

Күріш жинау толығымен аяқталып, өнімділік 57 ц/га құрады, барлығы 562 мың тонна бастырылды.

Мақта 74 мың га немесе 69%-ы жиналып, өнімділік 25 ц/га болды, барлығы 185 мың тонна мақта жиналды. Мақта бойынша агротехнологияларды сақтау, атап айтқанда, заманауи тамшылатып суару жүйелерін қолдану нәтижесінде Түркістан облысындағы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» шаруа қожалығы 60 ц/га жоғары өнімділікке қол жеткізді, бұл облыс бойынша орташа өнімділіктен 2,5 есе жоғары. Мұндай тәжірибе Түркістан облысының барлық мақташылары арасында кеңінен таратылуы тиіс. 

«Сонымен қатар әкімдіктер ұсынатын жедел деректер мен ресми статистика арасындағы сәйкессіздіктер бар. Жыл сайын егіс және егін жинау жұмыстарының қорытындылары бойынша берілетін жедел деректер 4-СХ және 29-СХ нысандары бойынша статистикалық есептермен сәйкес келмейді. Осыған байланысты, Олжас Абайұлы, облыстар әкімдіктеріне деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуді және оларды статистикаға сәйкес келтіруді тапсыруды сұраймын»— деді Айдарбек Сапаров ҚР Премьер-министріне қарата айтып. 

Оның айтуынша, жаңа өнімді сақтау мәселесі аса маңызды болып қалуда. Республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды.

«Астық қабылдау кәсіпорындарында астық қабылдау жалғасуда, қабылданған астықтың 57%-ы 3-ші сыныпқа сәйкес келеді. Ал өткен жылы оның үлесі 35%-ды құраған болатын. Облыстар әкімдіктері астықты Азық-түлік корпорациясына тапсыру, экспортқа жөнелту және басқа өңірлерге тасымалдау қажеттілігі үшін элеваторлардың астықты тәулік бойы қабылдауларын қамтамасыз етуі қажет», — деді министр.

Элеваторлардың тәулік бойы жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды.

Жинау жұмыстарына бөлінген 362 мың тонна жеңілдікті дизель отынына қосымша, астықты кептіру үшін тағы 68 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді.

Бұдан бөлек, сұйытылған газбен жұмыс істейтін астық кептіргіш қондырғылар үшін 22 мың тонна газ бөлінді.

Астық нарығындағы ағымдағы жағдайды ескере отырып, Азық-түлік корпорациясы бидайды форвардтық сатып алу бағаларын белгіледі. Жарияланған бағалар барлық нарық қатысушылары үшін әділ болып табылады. Өткен жылғы міндеттемелерді ұзарту және ағымдағы жылдың форвардтық сатып алу шарттарын ескере отырып, Азық-түлік корпорациясының қорларына шамамен 1,2 млн тонна астықтың түсуі күтілуде. Алайда қазіргі уақытта тек 239 мың тонна немесе 24%-ы ғана жеткізілді. 

«Осыған байланысты, облыс әкімдіктеріне астықты Азық-түлік корпорациясына уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету қажеттігін еске саламын. Қайтару мерзімі 1 қарашаға дейін аяқталуы керек екенін ескертемін», — деді А. Сапаров. 

Биыл бөлінген қаражат көлемі барлық қажетті материалдық құндылықтарды сатып алуға мүмкіндік берген.

«Сіздің тапсырмаңызға сәйкес және аграршылардың өтініштерін ескере отырып, 2025 жылға арналған қаржыландыру биылғы желтоқсан айында басталады. Бұл көктемгі егіс жұмыстарына уақытылы дайындалуға және жаңа маусымды кешіктірмей бастауға мүмкіндік береді. Олжас Абайұлы, биылғы жоғары өнімді ескере отырып, оны экспорттауға қатысты тиімді шаралар қабылдау қажет. Бұл мәселеде Сауда және интеграция министрліктерінің белсенді қолдауын сұраймыз», — деп түйіндеді баяндамасын ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев биылғы егін астығын тасымалдауға дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды No-comment.kz - ...