Ел аумағында 12 өңірді қамтитын 14 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. ОКҚ алаңында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков АЭА шеңберінде құны 8 трлн теңгеден астам 372 жоба іске асырылғанын, 27 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылғанын, бюджетке шамамен 521 млрд теңге салық төленгенін, тікелей шетелдік инвестициялар 730 млрд теңгені құрағанын хабарлады. 9,4 трлн теңгеге өнім өндірілді, оның 700 млрд теңгесі экспортқа жіберілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіру шеңберінде:
- «Инвестициялар неғұрлым көп болса, соғұрлым көп жеңілдік» қағидаты бойынша жеңілдіктер берудің сараланған тәсілі;
- аралас режим – инвесторлардың салықтық және кедендік жеңілдіктерді қолданбай кіру мүмкіндігі;
- инвестициялық міндеттемелерді адал орындау кезінде жер учаскесін сатып алу мүмкіндігі.
«Шағын және орта бизнес субъектілерін дамыту мақсатында Шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру және олардың жұмыс бағдарламасы іске қосылды. Жаңа бағдарлама биыл бастау алды. Шағын өнеркәсіптік аймақтар инфрақұрылымы бар дайын өндірістік үй-жайлар болып табылады. Салынған ШӨА-да ШОБ субъектілері өндірістерді жеңілдетілген жалдау шарттарымен орналастыра алады. 37 шағын өнеркәсіптік аймақ құрылады деп күтілуде. 8 өңір ШӨА-ды дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. Жыл соңына дейін іске төрт өндірістік алаңды пайдалануға беру жоспарлануда. Оларды дайын болуына қарай кезең - кезеңмен енгіземіз», - деп атап өтті Олжас Сапарбеков.
Сондай-ақ ол инвестициялық жобаларды қолдаудың қаржылық шаралары туралы айтты. Қазақстанның Даму Банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры және Qazaqstan Investment Corporation арқылы қолдау көрсетіледі. 2022 жылдан бастап жобаларды қаржыландыруға 600 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, 75 жобаға 470 млрд теңге жұмсалды.
Ағымдағы жылдың соңына дейін 14-15 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, шамамен 1,3 трлн теңгеге 180 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Қазірдің өзінде 56 жоба іске қосылды. Қалған жобалар аяқталу сатысында.