Татарстан астанасында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Қазақстан Президентінің 2024 жылғы 22-24 қазан аралығында өтіп жатқан БРИКС мемлекет басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапары аясында өткізілді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Ашылу салтанатына ведомство басшысы Аида Балаева, Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Аюпова, Қазандағы ҚР Бас консулы Ерлан Ысқақов, сондай-ақ Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайдуллин, сондай-ақ қала тұрғындары мен қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілдері қатысты.
ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазанда ескерткіштің ашылуын халықтар арасындағы достықтың, өзара түсіністік пен рухани туыстықтың үлгісі екенін айтты.
«Бүгінгі іс-шараның БРИКС мемлекеттері ынтымақтастығы саммиті аясында өтіп жатқанының өзі іс-шараға ерекше сипат беріп тұр. Бұл екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтып, тереңдете түсері сөзсіз. Абай – өз ұлтының рухани байлығын бойына сіңіре отырып, жалпы адамзаттық ой-пікір деңгейіне көтерілген тұлға. Біздің халықтар арасындағы өзара мәдени құндылығымыз артып, достығымыз нығая берсін», – деді Аида Балаева.
Ұлы ойшылдың ескерткіші Қазан қаласында Назарбаев пен Качалов көшелерінің қиылысында орнатылды. Бюст авторы – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Нұрбол Қалиев.
«Қазақстанның Ресеймен достық қатынасын дамыту аясында Татарстанға, біздің мәдениетімізге шынайы қызығушылық танытып жатқаны қуантады. 2018 жылы Қазақстан тарапынан Қазан қаласына қонақжайлық белгісі – «Тайқазан» мүсіні сыйға берілді. Бүгін Абайдың ескерткіші де дәл осы жерде, осы алаңда орнатылуы кездейсоқ емес. Ресейде ұлы қазақ ақынына деген құрмет ерекше. Еліміздің астанасында Абайдың ескерткіші орнатылған. Сондай-ақ Ресейдің бірқатар қалаларында Абай Құнанбайұлының атымен аталған көшелер бар. Бүгінгі іс-шара – қазақ пен татар халықтарының рухани бірлігіне негізделген ұзақ жылдар бойғы жемісті іскерлік пен мәдени байланыстардың нәтижесі деп білеміз», – деді Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Аюпова.
Салтанатты іс-шара қазақ ақынының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен қорытындыланды.