Алматы әкімі Ерболат Досаев Халықаралық қарттар күнінде Алматы кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов бастаған қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
«Біздің қоғамымызда үлкенге құрмет көрсету – ұлттық сана-сезімнің негізінде жатқан ерекше дәстүр. Сіздер біздің тарихымыздың сақтаушылары, ерекше өмірлік тәжірибе мен сарқылмас даналықтың иесісіздер. Қаламыздың гүлденуіне қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын», - деді Ерболат Досаев.
Кездесу барысында қатысушылар әкімнің бастамасымен биыл шілде айында іске қосылған «Алтын жас» атты аға буын өкілдеріне арналған дер кезінде қолға алынған жұмыспен қамту бағдарламасының тиімділігін атады. Бүгінде 400 алматылық зейнеткер жұмыс тауып, әлеуетін жүзеге асырып отыр. Айта кетерлігі, жалақының 50%-ы жергілікті бюджеттен субсидияланады.
Алматы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижановтың айтуынша, биылдың өзінде әлеуметтік қолдау 124 мың адамды қамтыды.
Егде жастағы адамдарды санаторлық-сауықтыру емімен қамтамасыз ету жалғасуда. Жыл басынан бері бұл әлеуметтік көмекті 2 мыңға жуық зейнеткер пайдаланды.
Қала әкімінің тапсырмасымен халықтың әлеуметтік осал санаттарына коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне байланысты өтемақы төлеу тағы бір жылға ұзартылды. Былтыр 5,7 млрд теңге көлеміндегі ай сайынғы әлеуметтік төлем 140 мыңнан астам ХӘОТ адамдарға берілді.
Ардагерлер кеңесінің мүшелері қала басшылығына өткен кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешкені үшін алғыс айтты. Атап айтқанда, аудандық ардагерлер ұйымдарын қызметтік автокөлікпен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты, ардагерлерді қолдау жобасына қаржы бөлінді.
Биыл Алматыда қосымша 3 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. 2022 жылдан бастап қалада барлығы 15 орталық құрылды. Жобалар зейнеткерлерді мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге тартуға бағытталған, бұл олардың физикалық және психикалық денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді. Жыл басынан бері орталыққа келушілерге 500 мыңға жуық түрлі қызмет көрсетілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Алматы әкімі Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының санын қаладағы әр ауданда екіге жеткізуді және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.