Экологиялық кодекс нормаларына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның алдында тұрған негізгі мақсаттар мен міндеттер қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, білім берудің барлық деңгейінде экологиялық білімді насихаттау, тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында экологиялық білім мен ағартуды дамыту болып табылады, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, белгіленген тәртіппен «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеп, бекітуді тапсырды. Құжатты Үкімет биыл 15 қазанда мақұлдады, құжат бекіту сатысында тұр.
ОКҚ алаңында ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев хабарлағандай, тұжырымдама бойынша жұмыстар «Ашық НҚА» порталында орналастырудан басталды, бұл бүкіл қоғамды жария талқылау процесіне барынша тартуға мүмкіндік берді.
Экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің жоғары деңгейін қалыптастыру, экологиялық білім мен практиканы дамыту, сондай-ақ экологиялық саясатты тиімді іске асыру тұжырымдаманың негізі болып табылады. Бұл кешенді шешімдер мен халықтың барлық тобының белсенді қатысуын талап етеді.
Азаматтардың саналылығы мен жауапкершілігі, экологиялық ақпараттың қол жетімділігі және болашақ ұрпақтың мүдделерін ескеру тұжырымдаманың негізгі принциптеріне жатады. Бұл принциптер барлық ұсынылған шараның негізін қалайды.
«Тұжырымдама ағымдағы жағдайды және халықаралық тәжірибені талдаудан бастап оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына дейінгі 7 бөлімді қамтиды. Бұл тұжырымдаманың негізгі бағыттары мен тәсілдерін құрылымдық тұрғыдан анықтауға мүмкіндік берді», - деп атап өтті спикер.
Қазақстанда экологиялық мәдениетті дамыту 2024-2029 жылдар кезеңінде мынадай негізгі бағыттар бойынша іске асырылады:
- экологиялық ойлау және мінез-құлық, соның ішінде ынталандыру және оларды көтермелеу шаралары;
- экологиялық білім;
- экологиялық білім және ақпараттық насихат.
Әрбір бағыт бойынша тұжырымдаманы іске асыру бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін мониторингілеуге және қажет болған жағдайда оларды түзетуге мүмкіндік беретін тиісті индикаторлар айқындалды.