Мәжіліс «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңды мақұлдады

Мәжіліс «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңды мақұлдады

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Үкімет мүшелері ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысына қатысты. Депутаттар Үкімет ұсынған «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «ҚР Ұлттық қорынан 2025–2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобаларын және Еліміздің 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қарап, мақұлдады, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров депутаттарға «ҚР Ұлттық қорынан 2025–2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын және Еліміздің 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң Бюджет кодексі ережелерін негізге ала отырып әзірленді. Онда мұнайдың шекті бағасын 2025 жылы барреліне $42,3 2026–2027 жылдары барреліне $41 – $39,4 деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды.

Еліміздің 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қалыптастырудың негізі мұнай бағасы барреліне $75 және доллар бағамы 470 теңге болатын базалық сценарий алынды. 2025 жылы ЖІӨ-нің нақты өсімі 5,6%, 5 жыл ішінде орташа жылдық өсім 5,4% болады деп күтілуде. Бұл ретте ел экономикасының барлық саласында оң динамика болжануда: өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны – 4,1%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 5,8%-ды, тау-кен өндіруде – 2,9%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығында орташа жылдық өсім – 5,3%, құрылыста – 9,3%, көлік қызметтерінде – 8,2%, сауда-саттықта – 7,1% болып отыр.

Сонымен қатар 2029 жылы отандық тауарлар экспорты $90 млрд-қа дейін,  республикалық бюджет кірісі 2027 жылы 18,2 трлн теңгеге немесе 16,4%-ға артады деп болжанып отыр. Негізгі өсім экономиканың даму қарқыны, салықтық әкімшілендіруді жақсарту және көлеңкелі экономика үлесін төмендету есебінен қамтамасыз етіледі.

«2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын депутаттарға таныстыру кезінде қаржы министрі Мәди Такиев 2025 жылы республикалық бюджетке түсетін түсімдер осы жылдың жоспарына 1,2 трлн теңгеге ұлғайып, 21,7 трлн теңгені құрайтынын атап өтті. Бұл ретте бюджет әлеуметтік бағдарланған күйде қалады.  2025 жылы әлеуметтік салаға осы жылға қарай 862 млрд теңге өсіммен барлығы 9,8 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Заң жобасына халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірлерді дамытуға бағытталған түзетулер енгізілгені атап өтілді. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, жылу, электр энергетикасы, көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесін жақсартуға, өңірлерді дамытуға, «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға қосымша шығыстар көзделген.

Ел азаматтарын әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмек көрсету басымдыққа ие. 2025 жылға арналған әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар әлеуметтік төлемдерді индекстеуді және оларды алушылар санын арттыруды ескере отырып, 6 трлн теңге көлемінде қарастырылған. Білім беруді дамытуға 2025 жылы 73 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді.  Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға 2025-2027 жылдары 7,6 трлн теңге қарастырылған, оның ішінде 2025 жылы – 180 млрд теңгеге өсіммен 2,4 трлн теңге бөлінеді.

Өңірлерге 2025 жылы республикалық бюджеттен 405 млрд теңгеге өсіммен 7,5 трлн теңге бөлінеді. Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдаудың да маңызы зор: бұл бағытқа 2025 жылы 2,1 трлн теңге көзделген.

Жалпы отырыс барысында Үкімет мүшелері депутаттар сұрақтарына жауап берді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов Премьер-министрге 2029 жылға қарай Қазақстан экономикасы өсімін $450 млрд-қа дейін қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасын орындау бойынша Үкіметтің жоспарына қатысты сауалын жолдады.

«Еліміздің 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, базалық сценарий бойынша ЖІӨ-нің жылдық өсімі орта есеппен 5,4% деңгейінде жоспарланған. Мұндай көрсеткішке қол жеткізілген жағдайда еліміздің ішкі жалпы өнімі 2025 жылғы $321 млрд-тан 2029 жылы $498 млрд-қа дейін өседі. Осылайша, Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай ЖІӨ көлемін $450 млрд-қа дейін жеткізу міндеті орындалады. Бірақ, Үкімет өз жұмысында Республиканың 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында көзделген жоғары міндеттер қойып отыр. Аталған құжатқа сәйкес, ЖІӨ-нің жылдық өсімі 5,6%-дан 6,9%-ға дейін болуы тиіс. Бұл – өте ауқымды міндет. Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу үшін экономиканы әртараптандыру, оның күрделілігін арттыру, елімізде тереңдете өңделген өнім өндірісін ұйымдастыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу бойынша белсенді жұмыс қажет. Өздеріңіз білесіздер, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4%-ды құрады. Сонымен қатар бұл өсімге мұнай өндіру көлемінің төмендеуі аясында қол жеткізілді. Яғни, өсім басқа да мұнайдан тыс салалар есебінен өсіп жатыр. Экономика ауыл шаруашылығы есебінен дамып келеді, ол 11,4%-ға өсті. Көлік, сауда есебінен өсім 6%-дан жоғары көрсеткіш көрсетті. Құрылыс 10%-дан астам өсті. Осылайша, бұл салалардағы өсім жалпы экономиканың, ЖІӨ-нің өсімін қолдауға мүмкіндік береді. Әрине, бұл жеткіліксіз, біз мұны түсінеміз, сондықтан да түйінді мәселе бойынша қазірдің өзінде жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – еліміздегі ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін экономикаға елеулі инвестиция көлемін тарту. Өсу мүмкіндіктерінің бірі – инфрақұрылымға өте маңызды инвестицияларды көздейтін Ұлттық инфрақұрылымды дамыту жоспарын іске асыру болмақ. Сондай-ақ Президент Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, ТКШ жүйесін жаңғыртудың жаңа ұлттық жобасын әзірлеу соңғы сатыда тұр. Ұлттық жобада 2029–2030 жылдарға дейін жалпы инвестиция көлемі шамамен 10 трлн теңге мөлшерінде қарастырылған. Жоба инженерлік инфрақұрылымды айтарлықтай жаңартумен қатар, өздеріңіз білетіндей, бұл салада тозу көрсеткіші өте төмен, бұл – біздің отандық бизнес үшін үлкен резерв. Ұлттық жобада біз тауарлар, жұмыстар, қызметтердің барлығын отандық кәсіпкерлерден басым түрде сатып алуды көздеп отырмыз. Осылайша, алға қойған өршіл мақсаттарға жету үшін әлі де көп жұмыс істеу қажет. Президенттің тапсырмасы міндетті түрде орындалады», — деп атап өтті Премьер-министр.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, вице-премьер Тамара Дүйсенова, қаржы министрі Мәди Такиев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова депутаттардың ЖІӨ өсімі, бюджетті жоспарлау, өңірлерді дамыту, экономиканың негізгі салалары, халықты әлеуметтік қолдау, жылыту маусымының өтуі, автожолдарды жөндеу жұмыстары, сумен қамтамасыз ету, интернетке қол жеткізу, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, отандық киноиндустрия қызметі және басқа да мәселелерге қатысты сауалдарына жауап берді.

Жалпы отырыстың қорытындысы бойынша Премьер-министр Мәжіліс депутаттарына республикалық бюджет туралы заң жобасын қолдағаны және сындарлы талқылау үшін алғыс білдірді. Олжас Бектенов Үкімет мүшелері депутаттық корпуспен тығыз жұмыс жүргізіп жатқанын және бұл тәжірибе жалғасын табатынын баса айтты.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Сенат Парламентінің клуарында мемлекеттік қарыз көлемі туралы журналистердің сұрағына...