«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, тәуелсіз еліміздің тарихында ең ұзақ талқыланған жобаның бірі АЭС құрылысына қатысты республикалық референдум да өз мәресіне жетіп, бірнеше ұйым тарапынан өткізілген Exit-poll сауалнамаларының алдын ала нәтижелері жарияланды. Қарап отырсақ, халқымыздың шамамен үштен екісі АЭС салуды қолдайды. Референдумның түпкілікті нәтижесі де осы деңгейлес болады деген үміт бар, деп хабарлайды No-comment.kz - Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Әрине, мұндай тағдыршешті мәселенің белгілі бір мемлекеттің немесе лауазымды тұлғаның бұйрығымен емес, жалпы халық болып дауыс беру арқылы шешімін табуы – демократиялық мемлекетке тән үрдіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен біз республикалық референдум өткізу арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын үлгісін көрсетіп, көптеп-көлемдеп таңдауымызды жасадық. Жалпы, электр қуатының тапшылығы айқын сезіле бастаған кейінгі жылдары көзі ашық жұртшылық болашақта бұдан да ауыр қиыншылыққа тап болмас үшін атом электр стансасы секілді жаңа технологиялармен жұмыс істейтін нысанның керек екенін түсінгеніне шүбә жоқ. Дегенмен кешегі референдумда қойылған «Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?» деген сұрақ – мәселенің бірінші сатысы ғана. Ендігі сұрақ: Оны кім салады?
Мамандардың айтуынша, АЭС – стратегиялық нысан. Ол керек кезінде жүргізіп, қалаған уақытыңда өшіріп, тоқтатып қоятын көлік емес. Іске қосылған сәттен бастап аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат ураннан жасалған отынның көмегімен жұмыс істеп тұратын ядролық реактор. Ол жерде нысанның жұмысын жіті қадағалап отыратын білікті мамандар қажет. Ал бізде ондай мамандар бар ма? Құдай бетін әрі қылсын, Чернобыль мен Фукусиманың кебін кимеуімізге кім кепіл? Егер АЭС-ті белгілі бір мемлекет салып беретін болса, ертең алда-жалда ел басына күн туса, сол ядролық реакторды өзімізге қарсы қару ретінде қолданбай ма? Жалпы, мұндай стратегиялық нысанды өзгенің қолына беру қаншалықты ақылға сыяды? Жұртшылық тарапынан осы сынды сұрақтар жиі қойылып, көп талқыланғаны жасырын емес. Кешегі референдумда халықтың көбі АЭС салуға келісетінін білдіріп дауыс бергенімен, әркімнің көкейінде бір күмәннің тұрғаны ақиқат.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда республикалық референдумда дауыс бергеннен кейін журналистердің «АЭС құрылысын қай ел жүргізеді?» деген сұрағына «Менің пікірімше, елімізде ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет», деп осы мәселеге нүкте қойғандай болды. Яғни АЭС құрылысын бір ел емес, бірнеше елдің озық компаниялары бірігіп салуы мүмкін. Ал бұл қалай жүзеге асады және жауапты істі халықаралық консорциумға сеніп тапсырудың қандай артықшылықтары бар?
«Атамекен» ҰКП басқарушы директоры әрі Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Жақып Хайрушевтің айтуынша, атом электр стансасын салуда халықаралық консорциумға жүгіну түрлі елдердің тәжірибелі мамандарының бас қосуы арқылы алдыңғы қатарлы технологияларды енгізіп, жобаның сапасын арттыруға өз септігін тигізеді.
«Қаржылық және техникалық тәуекелдердің жоба құрылысына қатысушылар арасында теңдей бөлінуі әр тарапқа түсетін жүктемені азайтады, сондай-ақ бірлесіп қаржыландыру осындай үлкен жобаны іске асыруға көбірек инвестиция тартуға ықпал етеді. Бұған қоса халықаралық компаниялардың қатысуы атом энергетикасы саласындағы жаңа жетістіктерге жол ашып, халықаралық қауіпсіздік стандарттары мен экологиялық нормалардың сақталуына сеп болады. Бұл өз кезегінде атом электр стансасын пайдалану тиімділігін арттырады», деді ол.
Ж.Хайрушев АЭС және өзге де стратегиялық нысандарды салуда халықаралық консорциумдарға иек артқан мысалдарды басқа дамыған мемлекеттер өмірінен де көруге болатынын айтты. Мәселен, Финляндиядағы «Олкилуото-3» атом электр стансасын Францияның Areva және Германияның Siemens команияларынан құралған консорциум салған. Әлемдегі ең заманауи реакторлардың бірі саналатын бұл жоба құрылысында түрлі елдердің озық технологиялары мен сарапшылық тәжірибесі пайдаланылған.
«Сонымен қатар қазіргі таңда Ұлыбританиядағы «Хинкли Пойнт Си» атом электр стансасының құрылысын Францияның EDF Қытайдың CGN корпорациясымен бірлесіп жүргізіп жатыр. Жоба бірлесіп қаржыландырылып отырғандықтан, бірнеше мемлекеттің ресурстары мен технологияларын біріктіруге мүмкіндік береді», дейді сарапшы.
Ж.Хайрушев Түркиядағы «Аккую» АЭС құрылысында Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы негізгі мердігер саналғанымен, жобаны іске асыруға түрік компаниялары да тартылғанын мысалға келтірді. Оның айтуынша, біздің елімізде де негізінен мұнай-газ саласында осындай халықаралық консорциумдар құрылып, сәтті жұмыс істеп жатыр.
Ал Абай атындағы ҚазҰПУ Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, сарапшы Мақсат Жақауовтың айтуынша, елімізде АЭС құрылысын жүргізуді халықаралық консорциумға беру туралы бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрын да көтерген.
«Халықаралық консорциум белгілі бір мемлекетке тәуелді ұйым емес, ол – Қазақстанның тапсырмасын орындайтын біріккен жоба. Оған АЭС салып көрген, ядролық реактормен жұмыс істеу тәжірибесі жоғары бірнеше мемлекеттің компаниялары қатысады. Мен өзім тәжірибесі бар алдыңғы қатарлы елдер ретінде Франция, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, АҚШ және Ресейді айта аламын. Консорциумға осы мемлекеттердің компаниялары кіреді деген үміттеміз. Олар жайында мамандар да көптен бері айтып келеді», дейді М.Жақауов.
Ол стратегиялық жоба құрылысын жүргізудегі мұндай жан-жақтылық пен көпвекторлық біздің еліміз үшін қауіпсіз әрі тиімді екенін жеткізді. Өйткені бұл консорциум біріккен орта болғандықтан, әр тарап АЭС құрылысында белгіленген өз жауапкершіліктерімен шектеледі.
«Ал консорциум құрылғаннан кейін АЭС-ті салу жұмыстары қалай бөлінетіні – үкіметтік деңгейде шешілетін екінші мәселе. Ең бастысы, АЭС құрылысын бірнеше тараптың бірігуімен «асарлатып» жүргізу қауіпсіздік, экологиялық, тиімділік мәселелерінде ең дұрыс шешім деп есептеймін», деді М.Жақауов.
Сарапшы консорциум құрамына енетін компаниялар атом энергетикасы саласындағы халықаралық ұйымдардан лицензия алғаннан кейін ғана олардың жұмыс істеуіне рұқсат берілетінін атап өтті. Осы саладағы ең ірі халықаралық ұйым – МАГАТЭ.
«Бұл ұйым да еліміздегі АЭС құрылысын бақылауында ұстайды, сондай-ақ құрылысты салатын компанияларға өз лицензиясын беретіні – заңдылық. Біздің еліміз МАГАТЭ-нің мүшесі болғандықтан, мұндай ірі жоба қатаң қадағалау аясында іске асады. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ», деді ол.
Көпшілік тарапынан жиі қойылатын сұрақтың бірі – АЭС-те жұмыс істей алатын отандық мамандар бар ма? Мәжіліс депутаты Сергей Пономаревтың айтуынша, Алматыдағы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына қарасты оқу орны жылына жоғары білікті 400 маман дайындап беруге қауқарлы екенін жеткізген. Депутат биыл жазғы демалыс кезінде аталған кәсіпорынға арнайы барып, басшылығымен жүздескенін айтқан еді.
«Алматыда 60 жылдан бері Ядролық физика институты жұмыс істеп тұрғанын көп адам білмеуі де мүмкін. Бір ай бұрын мен сол жерге арнайы барып, жұмысымен таныстым. Оның барлық қызметі МАГАТЭ-нің тікелей бақылауымен жүргізіледі. Институттың академиктер мен профессорлардан құралған басшылығы маған болашақ АЭС үшін жоғары білікті 400 маман даярлауға мүмкіндік барын жеткізді. Бұл мамандар оқу-жаттығуға арналған макетте емес, жұмыс істеп тұрған ядролық реакторларда даярланады. Тек жатақхана мәселесін шешіп беруді сұрап отыр. Институт басшылығының сөзіне сүйенсек, біздің елімізде АЭС-ке маман даярлауға әлеуетіміз толық жеткілікті. Біз осыны халыққа жеткізуіміз керек. Бұған уран қоры жөнінен әлемде алдыңғы қатарда екенімізді қосып қойыңыз. Сонымен қатар елімізде ядролық отын өндіретін Үлбі зауыты жұмыс істеп, өнімдерін шығарып жатыр», деді депутат.
Иә, кешегі өткен референдум – бірнеше жылға созылатын күрделі жобаның бастамасы ғана. Әңгімеміздің шымылдығын «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген мақалмен ашып едік. Сонымен бір той өтті. Бірақ мамандардың пікіріне құлақ салсақ, алдымызда әлі той да, қызық та көп. Ең бастысы, АЭС аман-есен ел игілігіне берілсін деп тілейік.