Биыл Абай облысының бюджеті 480,8 млрд теңгені құрады

Биыл Абай облысының бюджеті 480,8 млрд теңгені құрады

9 ай қорытындысы бойынша Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өсуі байқалады. Өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы – 105,3%-ды құрады. Үлкен өсім құрылыс саласында 131,6%-ға, өнеркәсіпте – 102,6%-ға, ішкі саудада – 110,5%-ға, ауыл шаруашылығында – 106,4%-ға, инвестицияларда – 100,5% тіркелді. 237 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 мың отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Болжамды деректер бойынша жыл аяғына дейін оң динамика сақталады деп күтілуде. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ОКҚ алаңында мәлімдеді. 

Оның айтуынша, орташа айлық жалақы 2-тоқсан қорытындысы бойынша 12,3%-ға өсіп, 340 мың теңгені құрады. 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік бюджетке 294,9 млрд теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түсті. Республикалық бюджетке – 197 млрд, жергілікті бюджетке – 97,8 млрд теңге түсті. Өсу қарқыны – 126,5%-ды құрайды. 

«Биыл облыс бюджетінің көлемі 480,8 млрд теңгені құрады. Меншікті кірістер – 135,5 млрд теңге. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 120%-ға артық. 25 жыл ішінде өңірдің инфрақұрылымы тұралап қалғанын білесіздер. Тозған дүниені әлі жаңартумен келеміз. Жалпы, 2023 жылмен салыстырғанда салалар бойынша қаржыландыру қарқыны сақталуда. Әлеуметтік қорғау саласын қаржыландыру – 32,2%-ға, денсаулық сақтау – 19,9%-ға,  білім беру – 15,6%-ға ұлғайды. Облыс орталығы – Семей қаласының бюджеті 114,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7,7%-ға артық», – деді спикер.   

Тұрғын-үй коммуналды шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі 7,6%-ға, әлеуметтік қорғау – 14,2%-ға, жол жөндеу – 2,9%-ға ұлғайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 - жылдарға арналған Кешенді жоспары Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Оның инвестиция көлемі – 1,9 трлн теңге. 102 іс-шараны қамтиды. Биыл 286,1 млрд теңгеге 74 іс – шараны іске асыру басталып, 7-і аяқталды. Құны – 4,9 млрд теңге. Қалған жобалар, жоспарға сәйкес 2025-2027 - жылдар аралығында іске асатын болады. 

2028- жылға дейінгі инвестициялық жобалар пулы жасақталды. Оған 7 мың жұмыс орнын қамтитын 2 трлн теңгенің 23 жобасы енгізілді. Бүгінде 7,5 млрд теңгеге 6 инвестициялық жоба іске асып, 225 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 1,6 млрд теңгеге тағы 2 жобаны енгізу жоспарлануда. 

«Ірі инвестициялық жобалардың бірі – жалпы көлемі 560,5 млрд теңгені құрайтын «Айдарлы» мыс кен орнында тау-кен байыту комбинатын салу. Бұдан басқа, маусым айында Үкіметте 1,5 млрд долларға ірі мыс балқыту зауытын салуға келісімге қол қойылды. Жобалық қуаты – жылына 300 мың тонна мыс шығару. Бұл екі жоба әлемдегі ең ірі мыс кеніштерінің бірін және қазіргі заманғы мыс балқыту өндірісін біріктіретін кластер болады», – деді облыс әкімі.  

Агроөнеркәсіптік кешенде 7,3 млрд теңгеге 17 инвестициялық жоба іске асты. Жыл аяғына дейін тағы 1 жоба іске қосылатын болады. 

Ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланбаған жерлерді қайтару жалғасуда. Жалпы ауданы 644,1 мың гектар болатын 114 жер учаскесі анықталды. Оның 112,5 мың гектары қайтарылды. Биылға қойылған жоспар толық орындалды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Сенат Парламентінің клуарында мемлекеттік қарыз көлемі туралы журналистердің сұрағына...