Жолдау жүктеген міндет: халық пікірі елеусіз қалмайды

Жолдау жүктеген міндет: халық пікірі елеусіз қалмайды

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.

Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Президент Жолдауында айтылған пікірді міне, осы екі ауыз сөзге сыйдыруға болады. Бізді қуантатыны, айтылған сөз іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Оған мысалды көптеп келтіруге болады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді.

Президент өз Жолдауында сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге, ел аймақтары арасындағы теңсіздікті жоюға және халықты толғандырып жүрген басқа да мәселелерге ерекше көңіл бөлді. Нақты мысалдар келтіріп, проблемаларды шешудің тиімді жолдарын да ұсынып отыр. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасымен пәтер алу үшін көп балалы отбасының айлық табысы 320 мың теңгеден кем болмауы керек. Бұл табысы аз отбасылар пәтерге қол жеткізуі қиын деген сөз. Сондықтан осы жылдан бастап «Бақытты отбасы» атты жаңа бағдарлама ұсынылды. Осы бағдарлама негізінде жыл сайынғы пайыздық үстемақы 2 және бастапқы жарна 10 пайыздан аспайды. Бұл ай сайынғы төлемнің арзан болуына ықпал етіп, жағдайы орталау отбасылардың баспаналы болуына жол ашады.

Президент білім беру ісіне мемлекеттің дамуындағы стратегиялық маңызға ие сала ретінде қарап, оқулықтардың сапасы, қала мен ауыл мектептерінің білім берудегі алшақтығы сияқты мәселелерді орынды көтерді. Мемлекет басшысы білім беру жүйесіне кәсіптік бағдарлау саясатын енгізуді, сол арқылы оны еңбек нарығының сұраныстарына бейімдеуді жүктеді. Сондай-ақ Президент жас мамандарды ауылға жіберудің тетіктерін ойластыру керек екенін атап өтті. Жоғары оқу орындары жұмысының сапасы мен ғылыми-зерттеулердің тиімділігін арттыру мәселесін назардан тыс қалдырмады.

Жолдаудың тағы бір көңіл қуантарлық тұсы, ол – Президенттің қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының маңызды екеніне екпін беріп, азаматтарды ашық диалогқа шақыруы.

Президент шешімін күтіп тұрған мәселелерді де қалыс қалдырған жоқ. Мысалы, соңғы 5 жылда атаулы әлеуметтік көмекті қажет ететіндер 77 мың адамнан 1,4 млн адамға жеткенін және оған бөлінетін қаржының 2017 жылдан бастап 17 есе өскенін атап өтті.

Еліміздегі қоғамдық келісімді нығайту мен ұлтаралық байланысты жетілдіретін тіл мәселесіне де ерекше тоқталып, бұл жөнінде: «Еліміздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деді.

Осы тәрізді өзекті, шешімін күтіп тұрған мәселелердің бар екенін ашық айта келе, оларды шешудің ұтымды жолдарын ұсынған Мемлекет басшысы енді Үкімет пен әкімдердің қызметі негізінен халықтың тұрмысын жақсартуға қосқан үлесі бойынша бағаланатынын ескертті.

Әрине қалың елдің жүрегіне жол табу да оңай емес. Ол үшін билік пен халық арасында ашық диалогқа құрылған алтын көпір болуы керек. Осы жағына көбірек көңіл бөліп жүрген Қасым-Жомарт Тоқаев көп уақытын бұқарамен кездесуге, ашық-жарқын пікір алмасуға, елдің жағдайымен жақыннан танысуға арнап жүр.

Қ.Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі қызметінің ең басты ерекшелігі – оның әр сөзі, әр қадамы, әр шешімі және әрбір ісі арқылы халыққа жақындауға ұмтылуы.

Президенттің ұлықтау рәсімінен кейін арада екі апта өтер-өтпес Арыс қаласында төтенше жағдай орын алғаны белгілі. Апат бүкіл халықтың қабырғасын қайыстырып, ондаған мың адам баспанасынан айырылып, эвакуациялық бекеттерді паналап жатқан қиын сәтте Қ.Тоқаев елордада тыныш отыра алмады. Дереу Шымкентке ұшып келіп, эвакуациялық бекетте халықтың жағдайын сұрап, қамкөңіл елге басу айтты. Жарылыс кезінде жарақат алғандарды іздеп ауруханаға барды, әлі қауіптің беті қайтпағанына қарамастан аспаннан снаряд жауып тұрған, отқа оранған Арыс қаласына барып, жағдайды өз көзімен көрді.

Қиын шақта жанынан табылған, бірауыз жылы сөзін аямай сүйеніш болған Президентке тек арыстықтар ғана емес, бүкіл Қазақ елі дән риза болды. Көпшілік «Тоқаев Арысқа жаңадан сайланған, оң-солын енді танып келе жатқан Президент ретінде барып, нағыз халықтық көшбасшы ретінде оралды» деп пікір білдіріп жатты. Бүгінде Президент Қ.Тоқаевтың Арыс қаласының тұрғындарына берген уәдесі орындалды. Қаланы қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталуға жақын. Билік ешкімді қиын жағдайда қалдырмауға күш салып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір келелі, жүйелі, сөз етуге тұрарлық ісі – қарыздың құрсауында қалған көпбалалы отбасыларға жеңілдік жасағаны. Яғни, несиесін төлей алмай жүрген бес жүз мыңнан астам қазақстандықтың қарызына Президент Жарлығымен кешірім жасалды. Бұл шын мәнінде ешкім күтпеген жеңілдік еді. Банк алдындағы берешегін өтей алмай жүрген мыңдаған адам бір күнде мойнындағы қарызының қамытын шешіп, жеңілдеп қалды. Осы азаматтардың әрқайсысының 300 мың теңгелік борыштық жүктемесі өтелді. Бұл бір реттік іс-шара болғанымен, билік халықтың беталды қарызға батуының алдын алу мақсатында басқа да шешімдер қабылдап жатыр. Қазір тұтынушылық несие берудің талаптарын күшейту, несие берудің шарттарын тұтынушының ыңғайына қарай жеңілдету мақсатында заң жобалары әзірленуде.

Сондай-ақ, қыркүйек айында Президенттің жастар кадрлық резервіне іріктеу басталды. Бұл бастама білікті әрі білімді жастардың елді дамыту, мемлекетті басқару ісіне белсенді араласуына жол ашуымен құнды. Мұнан бөлек 6 қыркүйекте Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Онда елдегі қордаланған проблемалар ашық талқыға салынып, алдағы реформалардың жоспарын құру бойынша жүйелі жұмыс басталды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды демократия даңғылына қарай бастайтын сенімді әрі төте жолы деп ауыз толтырып айта аламыз.

Жалпы, азаматтық қоғам қалыптастырудың алғышарттары міне, осындай іс-әрекеттерден бастау алса керек. Кез келген адамға теңдік танытып, кеңдік көрсету ең алдымен адамның саналылығын білдіреді. Ал саналы адамдармен өмір де мәндірек болады. Жүректерге жол табу, кісінің көңілінен шығу – қазаққа тән қасиет десек, біздің қазақ осынау қасиетімен көп нәрсені оңтайлы шешіп отырған. «Жанымды алсаң да пейілімді алма» деген қонақжай халық осынау кеңпейіл көңілінің, жомарт жүрегінің арқасында небір аумалы-төкпелі қиын-қыстау кезеңдерден аман өтті. Қоршаған ортаға құрметпен қарап, бір-бірінің жан-жүрегін айтқызбай-ақ түсінісетін елдерде ғана береке болады. Ендеше Президент Жолдауы жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, ондағы айтылған әрбір сөздің астарына үңіліп, мағынасына мән беретін болсақ және оның орындалуына бәріміз бірдей атсалыссақ, біз үшін маңызды құжатта айтылған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» болудың да ауылы алыс емес.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,

Түркістан облыстық Журналистер одағының Басқарма Төрағасы.

 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...