Зерделі ұрпаққа зейін салу басты назарда

Зерделі ұрпаққа зейін салу басты назарда

Өткен аптада Ақтөбе облысында аударыспақ ойынынан ел біріншілігі өтті, деп хабарлайды ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі.

Осымен 22-ші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа еліміздің 16 өңірінен кілең «сен тұр, мен атайын!» деген спортшылар жиналды.

Чемпионат қорытындысы бойынша Түркістан облысы ешкімге қарсылас шыдатпай бірінші орынды иеленсе, жарыс қожайындары Ақтөбе облысы екінші орынға тұрақтады. Ал, үздік үштікті Батыс Қазақстан облысының спортшылары қорытындылады.

Осынау шараның демеушілерінің арасында «Самұрық Қазына» АҚ және Спортты қолдау қоры бар.

Шара барысында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының бастамасымен «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК директоры-Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Бағдәулет Сәбитов пен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Нұрлыбек Мұқанов өңірдің Ұлттық спорт федерациясының өкілдерімен, облыстық спорт басқармасының басшылығымен кездесті.

Кездесуде қос тарап аталмыш саладағы мәселелер мен оның шешілу жолдарын талқылады.

Атап айтар болсақ, Ақтөбе облысындағы жалпы білім беру орындарында (400-ден аса мектеп) тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату үйірмелерін ашып, оған денешынықтыру пәнінің мұғалімдерін жұмылдыруды қарастырды.

Сондай-ақ, кездесуде үйірмелердегі денешынықтыру пәнінің мұғалімдеріне тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату спорты бойынша семинарлар өткізу мәселесін де көтерді. Аталмыш семинарларды «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК-ның өткізу мүмкіншілігі жайында айтылды.

Сонымен қатар, Бағдәулет Сәбитұлы мен Нұрлыбек Бекболатұлы мәдениет және спорт саласының кәсіподақ басшыларымен кездесіп, еңбек ұжымдарында ұлттық спорт түрлері бойынша үйірмелер ашуды ұсынды.

Мәселен, бүгінгі таңда Ақтөбе хром қосындылары зауыты жергілікті Асық ату федерациясымен бірлесіп, зауыт жұмысшылары арасында спартакиада өткізуді жоспарлауда.

Бас қосудың соңында Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы ашық ипподромның құрылысына бюджеттен қаражат бөлу мәселесі де талқыланды, деп жазылған қауымдастықтың баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар ұсынған өнімдер...

Жыл басынан бері мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 508,3...