Қазақстан спортының тарихында Шығыс Қазақстан облысының алатын орны ерекше. Бұл аймақтың спортшылары қысқы ойындарда да, жазғы Олимпиадада тұғыр биігінен көрінген. Әрине, біз даңқты жеңіл атлет Ольга Рыпакова мен могулшы Юлия Галышева туралы айтып отырмыз, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Рыпакова өз мансабында барлық ірі жарыстарда топ жарды. Тек жазғы әлем чемпионатында ғана Ольга алтынсыз қалып, екі рет қола, бір рет күміс жүлдегер атанды. Есесіне, жабық ғимараттағы әлем біріншілігінде еліміздің әнұранын шырқаттып, әр жылдары екінші және үшінші орын иеленді. Қазақстандық жеңіл атлет үш қарғып секіруден Азия ойындарында төрт рет жеңіске жеткен.
Ал Рыпакованың медальдар жиынтығында басты жүлделер – Олимпиада ойындарының алтын, күміс, қоласы. Бейжің Олимпиадасында (2008) ол екінші орын алса, араға төрт жыл салып Лондон төрінде алтыннан алқа тақты. Ал 2016 жылғы Рио Олимпиадасында үздік үштікті қорытындылады.
Бір қызығы, 2012 жылғы жазғы ойында алтын медаль болмауы да мүмкін еді.
«Лондон Олимпиадасы мен қатысқан әлемдік жарыстардағы ең қиыны болатын. Физикалық тұрғыдан да, психологиялық жағынан да оңайға соқпады. Бұған менің жарақатпен қатысқаным себеп. Тіпті, Олимпиаданың басталуына аз күндер қалғанда менің жарысқа қатысу, қатыспауым да белгісіз еді. Ойлана келе, Лондонға барамыз деп шештік. Іріктеуге қатысып көрсек, әрі қарай не боларын көрерміз деген ой болды. Қолымнан келгенше бар күшімді саламын дедім. Нәтижесінде, бәрі де сәтімен аяқталды», - деп еске алды Рыпакова.
Спортшы Олимпиадада жеңіс алған барлық жүлдесін жас буын алдындағы үлкен жауапкершілік деп есептейді.
«Олимпиаданың үш жүлдесін де алу үлкен құрмет. Десе де, медаль саны қанша болса да маған айырмашылық жоқ еді. Әрине, өз елім үшін мақтанышқа айналдым. Өзімдегі жауапкершілікті сезінемін, мені жастар үлгі тұтатынын білемін. Бұл медальдар еңбегімнің нәтижесі. Бұлар менің жеңіске апарар жолымды көрсетеді. Әсіресе, көп нәрсені құрбандыққа шалғаным еске түседі. Көптеген қиындықтан, сынақтан, жарақаттан өттім. Мұның бәрі ұмытылмайды. Ешкім медальді жай ғана сәттілікпен жеңіп алмайды», - дейді Ольга Рыпакова.
Сондай-ақ, Рыпакова өзінің туған өңіріне деген құрметін айтып, жас спортшыларды да елді құрметтеуге шақырды.
«Біздің облысымыз спортшыларға, ірі жеңістерге бай. Шығыс Қазақстан облысында туып, сол жақта өсіп, спорттағы алғашқы қадамдарымды жасағаныма қуанамын. Бұл аймақ маған үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Басқа облысқа ауыссам деген ой мүлде келмеген. Өйткені, бұл менің үйім. ШҚО-дағы спорт саласы дамуда. Көптеген спорт нысандары салынған. Біздің жас буынымыз да жеңісімен, олимпиада медалімен қуантады деп ойлаймын. Спортшыларға айтарым, спорттағы басты мақсат – жүлде мен сыйақылар емес. Мен дәл сол сәттен, жарыстан ләззат алуға шақырамын. Жеңіс тұғырында тұрғанда осы жолға жеткенге дейінгі қиындықтар мен қызықты сәттер ойға оралады. Ал медаль болса, осы жолды еске түсіріп түратын зат секілді. Ал ең құндысы – бұл процестің өзі» - дейді спортшы.
Юлия Галышева болса, 2018 жылы Пхенчханда (Оңтүстік Корея ) өткен қысқы Олимпиадада фристайл-могулдан қола жүлдегер атанды. Бұған дейін Қазақстан аталған спорт түрінен Олимпиада медалін алмаған еді. Одан бөлек, Галышева әлем чемпионаттарынан төрт медаль жеңіп алды. Оның ішінде алтын жүлде де бар.
«Олимпиада туралы айтар болсам, жарыстың өзі емес, марапаттау рәсімі ерекше есте қалды. Себебі, бұл өте қызықты әрі қобалжытатын сәт. Бұл Қазақстан үшін де, мен үшін Олимпиаданың алғашқы жүлдесі. Ортаға шығып, мойныма медальді тағу үшін де кішігірім репетиция өтті. Қалай шығу керек, тұғырға қалай көтерілу керек, марапаттау кезінде қандай ишаралар көрсетуге болмайтыны айтылды. Жүлдегер атанған соң сені танитындар, суретке түсіп, әңгімелескісі келетін жандар көбейеді. Бірде әуежайдан таксимен қайтып келе жатқан. Радиода мен жайлы, АҚШ-тағы әлем чемпионатында алтын алғанымды айтып жатыр екен. Таксист болса: «Ооо, сен де шаңғы тебесің бе?», - дейді. Мен қызығатынымды айттым. Ол одан әрі жалғастырып: «Егер Юлия Галышева сияқты тебетін болса, алтын аласың» деді. Сапар соңында мен тап сол Галышева екенімді айттым. Ол қуанғаны сонша, интернеттен қарап, суретімді салыстырып көрмейінше сенбеді. Соңында жол ақысын алған жоқ (күлді).
Мен үшін әрбір медальдің орны бөлек. Жүлделерім көп болса да, олардың әрқайсысына қарап, сонымен байланысты сәттерді еске аламын. Ең алғашқы дипломымды 1999 жылы жарыста жеңіп алдым. Сол кезде бірінші орын алғаным үшін «Тархун» лимонады мен «Кириешки» сыйлаған. Соның қандай керемет сәт болғанын әлі ұмытпаймын. Егер әрдайым жеңіске жетсем, маған тек газдалған тәтті сусындар береді деп ойлайтынмын. Уақыт өте келе сыйлықтар да қызықты бола бастады. Жас өрендерге айтарым, спортпен немесе басқа да саламен айналысы үшін ешқашан кеш емес», - деді танымал спортшы.
ШҚО-дан шыққан спортшының олимпиадалық жолы әлі жалғасатын шығар. Өйткені, ол әлі де мансабын аяқтаған жоқ.
Алдағы Париж Олимпиадасына ШҚО өкілі Руслан Курбанов та жолдама алды. Ол семсерлесуден әлем чемпионатының тарихи медалін жеңіп алған. Одан бөлек, еркін күрестен әлемнің екі дүркін қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков пен жеңіл атлет Надежда Дубовицкая да осы өңірдің намысын қорғайды.
Олимпиада жүлдегерлерінің тізіміне ауыр атлет Денис Уланов (2016 жыл, қола) және хоккейші Борис Александров (КСРО сапында 1976 жылғы Олимпиада чемпионы) да енеді.