Алматыда дзюдодан 60 келі салмақтағы үш балуан арасында Олимпиадаға іріктеу турнирі аяқталды. Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин және Нұрқанат Серікбаев арасында өткен бәсеке ел дзюдосындағы ең танымал спортшы – Сметовтің жеңісімен аяқталды. Іріктеуде екі балуанды да қапы қалдырған Елдос өзінің үшінші Олимпиадасына – Париж ойындарына аттанады, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
60 келі салмақтағы балуандар бәсекесі елдегі жанкүйерлерді де, мамандар мен федерация басшыларын да біраз әбігерге салды. Себебі, IJF ұсынған қорытынды олимпиадалық рейтингке үш спортшы да енді. Нұрқанат Серікбаев 15, Елдос Сметов 22, Мағжан Шамшадин 24-орыннан көрінді.
Әдетте, рейтингте ең жоғары тұрған балуанға басымдық беріледі немесе бір-бірімен тете келе жатқан спортшыларды өзара белдестіріп, жеңімпазды анықтайды. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Астанада өткен Grand Slam турнирінің қарсаңында федерацияның бас хатшысы Асхат Житкеев арнайы сұхбат беріп, жағдайды іріктеуге жеткізбейтінін айтқан еді.
«Бәрі әділетті болғанын қалаймыз. Иә, бұл тақырыпты бұған дейін де талқыладық. Рейтингте кім жоғары тұрса, сол спортшыны жібереміз деген шешім де болған. Егер ұпай айырмасы алшақ болмаса, Федерация, министрлік өкілдерімен бірлесе шешеміз. Команда ішінде тағы жарыс өткізу ойымызда жоқ. Меніңше, мұндай жағдай команданың көңіл-күйіне қатты әсер етеді. Өйткені, бізде бәрі үнемі бірге жаттығады. Одан да, жауапкершілік бізде болсын. Команданы топқа бөлмейміз. Ортақ шешім қабылдаймыз», - деді Житкеев мамырдағы баспасөз жиынында.
Десе де, бәрі бас хатшы айтқандай болған жоқ. Бұл салмақта іріктеу белдесулерін өткізуге біраз нәрсе себеп болды.
60 келі салмақтағы әлемдік рейтингте ұзақ уақыт бойы Мағжан Шамшадин көш ілгері тұрған. Ол былтыр Астанадағы Grand Slam турнирінде топ жарып, жазғы Азия ойындарында қола жүлдегер атанды. Мағжанның мансабына оның 2023 жылдың қарашасында алған жарақаты себеп болды. Осының салдарынан ол алты ай бойы татамиге шықпай, рейтингте құлдырады және бірнеше жарыстан сырт қалды. Мамыр айында Шамшадин қатарға қайта қосылып, бірден Душанбедегі Grand Slam турнирінің финалына шыққан. Бірақ сол жарыстың ізін ала өткен Астанадағы әлемдік бәсекеде алысқа шаппады. Осы жеңіліске қарамастан, Мағжан рейтингте Сметовтан жоғары болған. Бірақ бапкерлер Шамшадинге бәс тікпей, әлем чемпионатына Сметовті қосты.
2022 жылғы әлем чемпионатынан кейін әлемдік турнирлерде бірде-бір жүлде алмаған Елдос Сметов Астанада өткен Grand Slam додасында қола жүлдегер атанды. Бұл отандық дзюдодағы беделді балуанның даңқын бірден асырып жіберді де, бапкерлер Әбу-Дабиде өткен әлем чемпионатына Сметовті жіберді. Бұл біраз уақыт бойы рейтингте жоғары тұрып, жарақатына байланысты жарты жыл сырттап қалған Шамшадиннің ашуына тиді. Өйткені, рейтинг бойынша ол бәрібір Елдостан биік тұрғандықтан, шешуші әлем чемпионатына барудан үмітті еді. Әбу-Даби төрінде Сметов 19 жастағы жапон жігітінен жеңіліп, жарысты бесінші орынмен аяқтады. Бұл бәсекеден Қазақстан ерлер құрамасы бірде-бір медальсіз оралды.
Осыдан соң, әлемдік рейтингке өзгеріс еніп, Елдос 22-орынға көтерілді де, Шамшадин артта қалды. Бапкерлер мен федерация басшылығының мұндай іріктеуге бармай-ақ, Олимпиадаға қатысатын балуанды өзара таңдауына болар еді. Бірақ Мағжан Шамшадинның әлем чемпионатынан сырт қалғаны біраз дауға себеп болды. Сондықтан, федерацияның басқа амалы қалмады деп сеніммен айта аламыз.
Бүгін Алматыда өткен шағын турнирде Елдос Сметов алдымен Мағжанды, кейін Нұрқанатты жеңіп, өзінің үшінші Олимпиадасына қатысу құқығын жеңіп алды.
Ал әлемдік рейтингте екі балуаннан да оқ бойы озық келе жатқан Нұрқанат Серікбаев пен бүгін екі рет жеңілген Мағжан Шамшадин енді келесі Олимпиаданы күте тұрады. Мағжанның жайын баяндадық, ал Нұрқанатқа оның тұрақсыз күресі кедергі болған сияқты. Жас балуан Тбилисидегі Grand Slam турнирінде топ жарғанымен, соңғы Азия және әлем чемпионатында және Астанадағы Grand Slam турнирінде жүлдеге іліге алмады.
Елдос Сметов өзіне Олимпиада алтынын алсам деген арманның маза бермейтінін айтқан еді. Себебі, Сметовтің жүлде қоржынында Олимпиада алтынынан басқасының бәрі бар. Енді ол өзінің үшінші Олимпиадасына қатысу құқығын жеңіп алды.
«Бүгін өте тартысты белдесулер өтті. Мұның жауапкершілігі өте жоғары. Бір-бірімізді 100 пайызға білеміз. Сондықтан, кездесулер ұзаққа созылды. Қателік іздеп, жүріп қалдық. Күнделікті спарринг жасап, белдесіп жүрген адаммен күресу оңайға соқпайды. Бір бас жоғары болып, айқын басымдықпен жеңу мүмкін емес. Біздің салмақта дау-дамай қатты көтеріліп кетті. Енді бәрі тікелей эфирде, ашық түрде өтті. Қазақстанда дзюдодан үш Олимпиадада медаль алған спортшы жоқ. Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері бар. Ендігі мақсат – Қазақстанның тарихын тағы да жаңартып, Париж ойындарында жеңіске жету. Тек қана Олимпиада алтыны үшін дайындаламыз», - деді белдесуден соң Сметов.
Елдос Сметов - дзюдодан әлем чемпионы (2015), Азия ойындарының жеңімпазы (2014), Азия чемпионы (2016), Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері (2016), Токио Олимпиадасының қола жүлдегері (2020). Одан бөлек, әлем чемпионаттарында екі рет қола медаль иеленген (2019,2022).
Сметовтің өз мансабындағы үшінші Олимпиадада қандай нәтиже көрсетінін 2024 жылдың 27 шілдесінде білетін боламыз.