Еліміздің әр өңірі Қазақстанның әлемдік спортта жақсы нәтиже көрсетуіне өзіндік үлес қосты. Олардың қатарында Атырау облысының да ойып алар орны бар. Мұнайлы астанадан жазғы Олимпиаданың жүлдегері мен дзюдодан тарихи медальдің иегері шыққан, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Атырау дегенде, ойымызға бірден Арман Шылманов оралады. Ол таевквондадан Қазақстанға Олимпиаданың алғашқы әрі жалғыз медалін сыйлаған спортшы.
Шылманов 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы ойындарда қола медаль жеңіп алды. Содан бері таеквондодан бірде-бір қазақстандық спортшыға Олимпиада жүлдесі бұйырар емес.
Арман Шылманов отандық таеквондо тарихындағы ең беделді тұлғалардың бірі. Ол Олимпиада медалінен бөлек, 2007 жылы Бейжіңде (Қытай), 2009 жылы Копенгагенде (Дания) өткен әлем чемпионаттарында қола жүлде иеленді.
Шылманов бес Азия чемпионатынан медаль алған. 2006 жылы Бангкокте (Таиланд) Азия чемпионы атанса, қалған төрт біріншіліктің екеуінде күміс, екеуінде қола жүлдегер атанды.
Сондай-ақ, жазғы Азия ойындарында үш рет үздік үштікке енген.
«Олимпиада ойындарындағы әрбір сәтім әлі күнге дейін ыстық. Бейжің даянындағы қызық оқиғаларды жақындарыммен әлі де әңгімелейтінім рас. Өйткені, спортшының өмірінде Олимпиада биігінен асқан шың жоқ. Ал олимп тұғырына көтерілген соң, оны өмір бойы ұмыту мүмкін емес. Олимпиада жүлдесі сенің спортқа сарп еткен жылдарыңның өтеуі. Сондықтан, маған мұндай бақыттың бұйырғанына сансыз шүкірлік етем», - дейді спортшы.
Атырау облысының атын шығарып жүрген спортшылар қатарында дзюдошылар Абиба Әбужақынова мен Эсмигул Куюлова да бар. Екі спортшы да алда өтетін Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайды.
Абиба Әбужақынова отандық әйелдер дзюдосының жаңа парағын ашқан спортшы. Ол қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет Grand Slam турнирлерінде жүлде алды. Ең алғаш рет Ұланбатырда (Моңғолия) өткен «Үлкен дулыға» додасында қола медаль алған ол бүгінге дейін Grand Slam бәсекесінде 7 рет үздіктер қатарына кірген.
Одан бөлек, Әбужақынова қазақ қыздары арасынан алғаш болып әлем чемпионатынан жүлде алды. Ол 2022 жылы Ташкентте (Өзбекстан), 2024 жылы Әбу-Дабиде (БАӘ) қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Абиба 2023 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Бүгінде ол олимпиадалық рейтингте үшінші орында тұр.
Тағы бір дзюдошымыз Эсмигул Куюлова Азия ойындары (2023) мен Азия чемпионатында (2024) қола жүлдегер атанды. Атыраулық спортшы Париждегі Олимпиада ойындарында командалық жарыста бақ сынайды.
Атырау спортының намысын абыроймен қорғаған спортшылардың бірі – Жансель Дениз. Ол Рио және Токио Олимпиадаларында бақ сынады. Тәжірибелі споршы бүгінге дейін Азия ойындарының күміс және қола медалін, Азия чемпионатының екі күміс жүлдесін иеленіп, халықаралық турнирлерде топ жарған.
Айта кетелік, 23 маусым- Халықаралық Олимпиада күні. Аталған мереке әлемнің барлық елінде кеңінен тойланады. Ал биыл Olympic.kz еліміздегі барлық олимпиадашы мен танымал спортшыларды кеңінен таныстыруды қолға алды.