Қазақстан ҰОК спортшылар комиссиясының мүшесі Жанбота Алдабергенова «Belive in sport» бағдарламасының амбассадоры атанды

Қазақстан ҰОК спортшылар комиссиясының мүшесі Жанбота Алдабергенова «Belive in sport» бағдарламасының амбассадоры атанды

Ольга Рыпакованың жетекшілігімен Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті спортшылар Комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында ҰОК делегациясының Халықаралық Олимпиада комитетінің штаб-пәтеріне жасаған сапары кеңінен талқыланып, ағылшын тілін жетік білуді талап ететін  түрлі оқыту және кәсіби бағдарламалар жайлы айтылды. 

Комиссия мүшелері Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің тікелей қатысуымен өтіп жатқан тіл курстарының білім беру бағдарламасына сәйкес оқуды әрі қарай жалғастырады. 

Отырыстағы маңызды сәттердің бірі ХОК-тың Believe in Sport бағдарламасына амбассадор сайлау болды. Бұл жобаның мақсаты – жарыс кезінде қорытынды нәтижеге әсер ететін айла-шарғылардың алдын алу және аталған жұмыс тікелей ҰОК арқылы жүргізіледі. Комиссия мүшелері фристайл-акробатика өкілі Жанбота Алдабергенованың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді. 

«Спортшылар Комиссиясы мені біздің ҰОК-тегі Believe in sport бағдарламасының амбассадоры сайлады. Әзірге маған бағдарламасының қыр-сырын түсіндіруде. Бастысы – спортта кездесуі мүмкін айла-шарғылардың алдын алып, таза және әділ спортқа ұмтылатын боламыз. Көптеген спортшының мансабында әділетсіздіктер, төрешіге түрлі әдіспен әрекет ететін жайттар кездеседі. Өз басымнан да өткен, сондықтан, қаншалықты ауыр екенін білемін. Тұғырға бір қадам қалғанда ұтылу немесе финалға өтпей қалған кездер ешкімге де оңай емес. Мұндай жағдай Олимпиада ойындарында екі рет басымнан өтті. Сондықтан, біз әрдайым спортшыларымызды қолдап, спортта әділдік болуы үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз. Бұл Халықаралық Олимпиада комитетінің бағдарламасы екені қуантады және олар спорттағы айла-шарғылардың алдын алу үшін атлеттерді белсенді болуға шақырып отыр. Барлық елдегі ҰОК атлеттер комиссиясы өкілдерінің белсенділігін ескере отырып, бұл бағдарламаның үлкен пайда әкелеріне және спортшылардың сөзі жерде қалмайтынына сенемін», - дейді Жанбота. 

Қазақстан ҰОК спортшылар Комиссиясы мүшелерінің бастамасымен олимпиадалық спорт түрлеріндегі атлеттерға арналған арнайы Telegram арна ашылды.  Аталған цифрлық платформада спортшылар ХОК пен АОК-тің Қазақстан ҰОК-не жіберген бағдарламаларымен таныса алады, сондай-ақ, Олимпиадалы комитеті арқылы қолжетімді ақпараттармен танысады. Олимпиадалық спорт түрлері бойынша әрбір ұлттық федерация берілген ақпаратты командаластарына жеткізе алатын команда өкілдерін таңдады. Олардың көпшілігі құрама капитандары. 

Аталған отырыста қазақстандық олимпиадашыларға қоғамдағы Олимпиада қатысушысының мәртебесін нышандық түрде мойындау болып саналатын OLY сертификатын алу туралы ұсыныс қаралды. Бұл бастама спортшылардың халықаралық спорт қауымдастығында кәсіби түрде танылуын қамтамасыз етеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-министр Олжас Бектенов Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау,...

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар ұсынған өнімдер...