23 маусымда бүкіл әлем Халықаралық Олимпиада күнін атап өтеді. Көптеген елде бұл мереке маңызды датадан бұрын басталады, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысы отандық спортта орны ерекше аймақтардың бірі. Бұл өңірден шыққан екі балуан күрестен Олимпиада жүлдесін иеленді.
2016 жылы Риода (Бразилия) өткен Олимпиада ойындарында Екатерина Ларионова қола жүлдегер атанды. Ол 63 келі салмақта жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сондай-ақ, Ларионова әлем чемпионтында қола медаль алып, Азия біріншілігінде екі рет үздіктер сапынан орын алған.
Даниял Гаджиев де Лондон Олимпиадасында грек-рим күресінен 84 келі салмақта қола жүлдегер атанды.
БҚО-да еліміздегі талантты шорт-трекші Абзал Әжіғалиев дүниеге келген. Ол әлем кубогі кезеңінде топ жарған алғашқы қазақстандық спортшы. Сондай-ақ, ол үш Олимпиада ойындарына қатысып, 2018 және 2022 жылғы ойындарда еліміздің байрағын көтеріп шыққан.
Алдағы Париж Олимпиадасында оралдық Мария Бровкова байдарка мен каноэде есуден сынға түседі. Ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бірнеше рет көзге түсіп, 2023 жылғы Азия ойындарында тұғырдан көрінді. Сондай-ақ, БҚО өкілі Андрей Дергунов аталған спорт түрінен Азия ойындарында жеңіске жеткен.