Отандық спорттың өркендеуіне ерекше үлес қосқан аймақтардың бірі – Жетісу облысы. Бұл өңірден Олимпиада жүлдегері, әлем және Олимпиада ойындарының қатысушылары мен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпиондары шыққан, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Жетісу облысының даңқын асырған ең атақты атлеттердің бірі – Мәулен Мамыров. Еркін күрес шебері 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды. 1997 жылы Ресейде өткен әлем біріншілігінің қола жүлдегері. Мамыров еркін күрестен жазғы 1994 жылғы Азия ойындарының чемпионы. Содан бері, отандық еркін күрес шеберлері Азиадада алтын алмаған. Даңқты балуанның еншісінде 1999 жылғы Азия чемпионатының алтыны да бар.
«Олимпиаданы жиі еске алам. Кілемде жүрген кездерімді, залда алаңсыз жаттығатын күндерді, қайта оралмас жастықты да жиі ойлаймын. Біздің спорттағы дәуіріміз өтті. Заман да, уақыт та қайта келмейді. Кілемдегі азды-кем еңбегіміз тарихта жазулы тұр. Мені талай жастың үлгі тұтқаны, маған қарап талай балуанның бой түзегені қатты қуантады. Күрестегі әділетсіздіктер мен өкінішті ұмыттыратын да осылар. Жақында Ақжүрек бауырым (Таңатаров – ред.) мен сияқты Олимпиада жүлдегері болуды армандағанын айтыпты. Қатты риза болдым. Менің жетістігімді қайталап, Лондон төрінен қоламен қайтқанын білесіздер. Қазір қайтадан күресетін мүмкіндік туса, көп нәрсені түзетер едім. Адамда арман таусылған ба? Қолдан келгенше күрестік. Олимпиада рухын сезіндік», - дейді балуан Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.
Облыстан шыққан тағы бір Олимпиада жүлдегері – Нұрбақыт Теңізбаев. Грек-рим күресінің шебері өз мансабында әлем чемпионатының да, Олимпиаданың да жүлдесін иеленіп, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды.
Атап айтар болсақ, Теңізбаевқа үлкен танымалдық әкелген– Бейжің Олимпиадасының күміс медалі. Иә, алғашында спортшы жазғы ойындардың қола медалін иеленген. Араға жылдар салып балуанға Олимпиаданың күмісі табысталды. Одан бөлек, классикалық күрес шебері 2003 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанып, 2009 жылы ересектер арасындағы әлем біріншілігінің қола медалін жеңіп алды. Сондай-ақ, Теңізбаев 2006 жылы Азия чемпионатында топ жарған.
«Маған екі Олимпиадаға қатысу бақыты бұйырыпты. 2004 жылғы Афины Олимпиадасында тәжірибенің аздығынан ұтылдым. Бұл – үлкен сабақ еді. Сол ойыннан соң Бейжіңде Олимп биігіне шығамын деген мақсат қойдым. Сол мақсатқа жету үшін аянбай тер төктім, еңбек еттім, тынымсыз жаттығу жасадым. Мұның нәтижесі жаман болған жоқ. Бейжің Олимпиадасындағы әр күнім, әр сәтім, әр секундым есімде», - дейді Нұрбақыт.
Жетісу өңірінен шыққан тағы бір талантты балуан – Дәурен Жұмағазиев. Еркін күрес шебері 2011 жылы Азия чемпионы атанып, Гуанджоудағы Азия ойындарында (2010) және Стамбулдағы (2011) әлем чемпионатында қола медаль иеленген. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қатысушысы.
Өңірден шыққан ауыр атлет Карина Горичева 2016 жылғы Рио Олимпиадасында құрама қоржынын қола медальмен толтырды.
Сонымен қатар, дзюдошы Азамат Мұқанов әлем чемпионатының күміс (2013), Азия ойындарының қола (2014) жүлдегері атанды.
Велоспортшы Евгений Федоров та Жетісу өңірінің тумасы. Федоров 2018 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасында чемпион атанды. Сондай-ақ, жас велошабандоздың еншісінде 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының, Ханчжоудағы Азия ойындарының алтын медалі бар. Спортшы екі дүркін Азия чемпионы саналады.