Нысана көздеу: Алғаш рет алты мергеніміз олимпиадаға барады

Нысана көздеу: Алғаш рет алты мергеніміз олимпиадаға барады

Халықаралық спорттық ату федерациясы (ISSF) 9 маусым күні Олимпиадаға іріктеу турнирлерінің аяқталғанын хабарлап, рейтинг бойынша квота иеленген мергендер тізімін жариялады. Олардың қатарында қазақстандық Ирина Юнусметова да бар. Ирина нысана көздеуден лицензия жеңіп алған командадағы алтыншы спортшы, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Спорттық атудан Олимпиадаға іріктеу турнирі 2022 жылдың 14 тамызында басталды. Содан бері спортшылар лицензиялық әлем және Азия чемпионаты мен рейтингілік әлем кубогі кезеңдерінде бақ сынап келеді. Ал 9 маусым күні Халықаралық федерация лицензиялық рейтингінің жабылғанын хабарлап, ұпай саны бойынша озық тұрған қазақстандық Ирина Юнусметоваға жолдама берді. Негізінде, нысана көздеуде квота жекелеген спортшыларға емес, командаға беріледі. Алайда, тап осы Юнусметованың лицензиясына ешкім таласа алмайды. Қалған бес спортшының арасынан Парижге кімдер баратыны жақын арада шешілмек.

Жалпы, Қазақстан құрамасының Париж Олимпиадасына алғашқы жолдамасын тап осы нысана көздеушілер алып берген еді. Әзербайжанның Баку қаласында өткен 2023 жылғы әлем чемпионатында Ислам Сәтбаев 10 метрге пневматикалық винтовкамен нысана  көздеуден төртінші орын иеленіп, Олимпиадаға жолдама алды әрі 632,7 ұпаймен Қазақстан рекордын жаңартты. 

«Олимпиадаға алғаш рет қатысқалы отырмын. Өте қуаныштымын. Бүгінде жазғы ойындарға жақсы дайындықпен бару үшін қолдан келгеннің  бәрін істеп жатырмыз. 2012 жылы нысана көздеуге бет бұрдым. Бұл спортқа сыныптасым алып келді. Алда Олимпиада ойындары күтіп тұр. Елімізді осындай ірі жарыста танытатыныма қуаныштымын», - дейді Ислам.

Содан соң, мергендер тағы бірнеше жолдама атып алды. Атап айтар болсақ, 2023 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Азия біріншілігінде Арина Алтухова мен Константин Малиновский үш позициядан 50 метрге нысана көздеуден Париж жолдамасын қоржынға салды.

Одан бөлек, 2024 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен лицензиялық Азия чемпионатында Никита Чирюкин пневматикалық тапаншамен, Александра Ле пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден Олимпиада квотасын иеленді. 

Команда бас бапкері, Афины Олимпиадасының 4-орын иегері Ольга Довгунның айтуынша, ұлттық құрама спортшылары Парижге барар жолда үлкен еңбек атқарған. 

«Біз жаңа олимпиадалық цикл басталғаннан бері тынбай еңбек еттік. Олимпиада жолдамасы әлем чемпионаты мен екі Азия біріншілігінде сарапқа салынды. Сонымен қатар, әлемнің әр түкпірінде өткен рейтингілік әлем кубогінің 5 кезеңіне қатыстық. Бәрінде де ұпай жинап, жақсы өнер көрсетуге тырыстық. Жақында Халықаралық федерациядан хат келіп, Ирина Юнусметованың жолдама алғанын хабарлады. Негізі, тағы  бір лицензия болатынын білдік. Өйткені, Ирина бірде-бір жарыстан қалмай, әлем кубогі кезеңдерінде тұрақты түрде финалға шығып жүрді. Енді Олимпиадаға аз уақыт қалды. Жақын арада Парижге баратын  толық құрам анықталады. Біздің мергендеріміз алты жолдама жеңіп алып отыр. Бұл өте жақсы, тіпті, тарихи көрсеткіш. Себебі, бұған дейін нысана көздеуден Қазақстан командасы сапынан алты адам Олимпиадаға лицензия алмаған», - дейді Ольга Довгун. 

Олимпиадалық циклде өткен нысана көздеуден әлем кубогі кезеңдерінде Қазақстан спортшылары айтарлықтай жақсы нәтиже тіркеді. Бакуде (Әзербайжан) өткен әлем кубогінде Эльдар Иманқұлов пен Валерия Попелова жұбы тапаншамен 10 метрлік нысана көздеуден күміс жүлдегер атанды. Осы жаттығудағы жекелей сында Валерий Рақымжан тұрақты түрде финалға шыққанымен, бір рет 5, тағы бірде 7-орында қалды. Ал әйелдер арасында Юнусметоваға жолдама берілгенін айттық. 

«Валерий Рахымжанға үш рет мүмкіндік берілді. Ол үшеуінде де бесінші орыннан аса алмады»,  - дейді Довгун. 

Париж Олимпиадасында спорттық атудан (нысана көздеу және стенд ату) жалпы есебі 15 дисциплинада жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Ерлерден 170, әйелдерден 170 адам сынға түседі. Бұл 2020 жылғы Токио Олимпиадасымен салыстырғанда 20 атлетке кем.

12 квотаны жарысты қабылдаушы ел ретінде Франция иеленді. 16 квота іріктеу кезеңдері аяқталған соң әмбебаптық қағидасы бойынша, рейтингтегі ұпай саны жоғары, бірақ лицензиясы жоқ мергендерге таратылды.

Қалған 312 квота 2022 жылдың 14 тамызы мен 2024 жылдың 9 маусымы аралығында өткен Олимпиадаға іріктеу турнирлерінде үлестірілді. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ