Қазақстан спортындағы даңқ залы туралы материалдар тізбегін жалғастырамыз. Бүгін Алматы облысынан шыққан беткеұстар спортшылар туралы әңгімелейміз, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстағы ең жарқын спорт жұлдыздарының бірі – Әсем Орынбай. Стенд ату шебері 2023 жылы әлем кубогінің финалдық кезеңінде топ жарды. Ханчжоудағы Азия ойындарында екі дүркін чемпион атанып, бір күміс олжалады. 2022 жылы әлем чемпионатында қола медаль иеленсе, Азия чемпионаттарында бірнеше рет жүлдегерлер қатарына қосылды. Әсем 2024 жылғы Париж Олимпиадасында бақ сынайды.
Еркін күрестен Адлан Асқаровтың еңбегі ерекше. Ол жастар арасындағы Азияның үздік балуандарының бірі болды. 2019 жылы 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында күміс медаль иеленсе, кейін ересектер арасында көзге түсті. Ол Азия чемпионаты мен рейтингілік турнирлерде бірнеше медаль алған.
Күрес туралы айтқанда Алтын Шағаеваны айналып өту мүмкін емес. Екі жыл бұрын ересектер арасында алғашқы жүлдесін алған ол Азия чемпионатында үштікке енді. Сондай-ақ, жастар арасында әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері атанған. Бүгінде ол күрестегі мансабын аяқтады.
Алматы облысында бокстан танымал жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов дүниеге келген. Оның жетекшілігімен бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Сидней Олимпиадасында төрт медаль жеңіп алды: екі алтын (Ермахан Ибраимов, Бекзат Саттарханов) және екі күміс (Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдәбеков).
Грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтың алғашқы бапкері Жұмақан Тұрғанбеков те өңір спортының дамуына ерекше үлес қосқан.