Қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан Олимпиадаға іріктеу турнирінен айтарлықтай қиындықсыз өтті. Ол бірінші әлемдік турнирде квота иеленіп, өз арманына жақындай түсті. Енді Париж шаршы алаңында оны қауіпті қарсыластар күтуде, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
57 келіге енді ауысқанына қарамастан, Махмұд Париж Олимпиадасындағы басты фавориттер қатарына енеді. 2023 жылы Ташкентте 54 келі салмақта топ жарған ол араға көп уақыт салмай, олимпиадалық салмақтта өтті. Қазіргі таңда боксшы жаңа салмаққа бейімделіп, үздіктер көшіне ілесті. Жақын арада өзінің басты арманы – Олимпиада алтыны үшін айқасады.
Сабырхан соңғы кездері жеңісті сериясын үзген емес. Тек жазғы Азия ойындарында күтпеген жерден Солтүстік Корея өкілінен жеңіліп қалған. Сол сәтсіздіктен соң Махмұд күшіне мініп, әлемдік іріктеу турнирін бір деммеп өткізіп шықты.
Айтпақшы, 57 келіге ауысқан соң біздің боксшы әлемдік деңгейдегі қарсыластармен әлі кездесе қойған жоқ. Тек Карло Паалам ғана бұл тізімге енбейді. Филиппиндік спортшы Токио ойындарында күміс жүлде алған. Алайда, Махмұд секілді жеңіл салмақта жұдырықтасып, жаңа салмаққа енді ауысты.
Сабырхан мен Паалам 2022 жылы Амманда өткен Азия чемпионатының финалында кездесіп, филиппіндік боксшы жеңіске жеткен еді. Паалам жаңа салмақта Азиада жүлдесін алуға тырысты. Бірақ сол салмақтағы қазіргі әлем чемпионы, өзбекстандық Әбдумәлік Халоковқа ширек финалда жол берген.
Халоков өз мансабындағы ең үлкен жетістікке 57 келі салмақта жетті. Ол әлем чемпионатын (2022), Азия ойындарын (2022) және Азия біріншілігін (2022) ұтты. Ол соңғы уақытта мүлдем ұтылмаған. Boxrec мәліметі бойынша, өзбек боксшысы соңғы рет былтырғы 24 ақпанда жеңіліпті. Бір қызығы, Болгариядағы турнирде ол қазақ баласы Оразбек Асылқұловқа есе жіберген. Олимпиаданың алтынына басты үміткер атағы тап осы Халоковқа тиесілі.
Жас бразилиялық боксшы Луис Оливейра да айтарлықтай қауіп төндіретін спортшы. Ол боксшылар әулетінде өсіп-өнген жігіт. Оның атасы Сервилиу де Оливейра 1968 жылғы Мехико Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған. Арада ұзақ жылдар өткен соң, немересі атасының жетістігін қайталауға ниетті.
Луис Олимпиада тұғырында тұрған боксшы. Бразилиялық спортшы 2018 жылы жасөспірімдер Олимпиадасында қола медаль иеленген. Былтыр Панамерика ойындарында қола медальға қол созды. Сол турнирде Олимпиада квотасы үшін Джамал Харвимен таласып, соңғысы жеңіске жеткен еді.
2021 жылғы әлем чемпионы саналатын Харви де Олимпиада жүлдесінен үмітті боксшылардың бірі. Жоғарыда аты аталған Луис Оливейра Болгариядағы турнирде америкалықты жеңіп кеткенін де ұмытуға болмас.
2021 жылы Харви тым жастығына қарамай, финалда қазақстандық Серік Теміржановты жеңіп, чемпион атанды.
Бұл салмақта тағы кімдердің бәсі жоғары? Әрине, кубалық боксшылардың орны бөлек. Бұл сында Сайдель Орта Родригеске көз тігеміз. Жапондық боксшы, Азия ойындарының күміс жүлдегері Шудай Харада да жаман көрінбейді. Еуропаның екі дүркін жүлдегері Хосе Кильес Бротонс (Испания), Болгария атынан сынға түсетін кубалық Хавьер Ибаньес Диас (2023 жылғы Еуропа ойындарының жеңімпазы), 2022 жылғы Еуропа чемпионы Василе Устурой (Бельгия), ирландиялық Джуд Галлахер де қауіпті қарсыластар қатарында.
Махмұдқа тұғыр биігіне көтерілу оңай болмайды. Олимпиада шаршы алаңы қате басып, сылбыр жүргендерді кешірмейді. Қарсыластарбың бәрі мықты, бәрі шебер. Бірақ Сабырхан да әрбір боксшы үшін алынбас қамал болары анық. Енді тек арманы үшін айқасу қалды...