The Kurbanov: Отандық гимнастың тұңғыш олимпиадасы және басты қарсыластары

The Kurbanov: Отандық гимнастың тұңғыш олимпиадасы және басты қарсыластары

Спорттық гимнастикадан Қазақстан командасының жарқын өкілі Нариман Курбанов өзінің тұңғыш Олимпиадасында бақ сынайды. Әлемдік және құрлықтық жарыстарда көзге түссе де, Нариманның жазғы ойындарға жолы ашыла қоймаған. Токио қарсаңындағы сәтсіздік спортшының сағын сындырмапты. Жаңа олимпиадалық циклді үлкен жігермен бастаған ол әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша 70 ұпай жинап, Париж ойындарына жолдама алды.  Бүгін Курбанов пен оның қарсыластарына шолу жасаймыз, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Нариман Курбанов спорттық гимнастиканың  бір түрінен  - тұтқалы аттан сынға түседі. Ол бұған дейін Азия ойындарында қола, жазғы Универсиадада күміс медаль иеленсе, Азия чемпионатында қатарынан екі рет топ жарды (2023,2024). Одан бөлек, әлем чемпионатында екі рет қолаға қол созым жерден тоқтап, төртінші орын алған (2021,2022). Бірнеше рет әлем кубогі кезеңдерінде жеңіске жетті. 

Курбановты Париж Олимпиадасына апарар  жол оңай болған жоқ. Нариман жыл басынан бері әлем кубогінің төрт кезеңіне қатысып, үздіксіз ұпай жинады. Әлемнің төрт мемлекетінде өткен кубоктік кезеңдер ішінен Германияның Котбус қаласындағы дода біздің гимнаст үшін нәтижелі болды. Ол аталған сында топ жарып, ұпай қорын молайтып алды. Екі кезеңде (Баку, Доха) төртінші орын иеленіп, жалпы есепте 70 ұпаймен екінші орынға тұрақтады. 

Әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша алғашқы екі орынға табан тіреген спортшылар Олимпиадаға жолдама алды. Бірінші лицензия Иордания спортшысы Ахмад Әбу әл Судтың еншісінде кетсе, екінші квота Курбановтың қоржынына түсті. Осы аралықта Нариман үлкен тәуекелге барғанын айта кету керек. Мәселен, біздің спортшымыз базалық қиындықты 6.7-ге жеткізді. Котбуста жоғары ұпайға қол жеткізгенінің басты себебі де осы. Содан соң, Ташкентте өткен Азия чемпионатында  жаттығуды қатесіз алып шықты (іріктеуде – 15.666, финалда – 15.600). Токио Олимпиадасының чемпионы Макс Витлоктың өзі финалда 15.500 ұпаймен жеңіске жеткенін ескерсек, Курбановтың тәуекел қайығына мінгенін байқау қиын емес. Одан бөдһлек, Нариманның өзі ойлап тапқан тұрақты элементі бар. Бұл әлемдік гимнастика бағдарламасына The Kurbanov атауымен енді. 

Бапкерлер Нариманның аздап тұрақсыздығын, комбинацияны аяқтайтын тұста жиі қате жіберетінін айтып қалды. Десе де, талантты спортшы өз өміріндегі басты додада барын салатыны анық. 

Енді Курбановтың қарсыластарына тоқталайық. 

Сөз жоқ, алдағы Олимпиадада алтынға басты үміткер спортшы – екі дүркен әлем және екі дүркін Еуропа чемпионы, ұлыбританиялық Риз Маккленаген. Ата-тегі ирландиялық спортшы аталған спорт түрінен еліне екі рет алтын сыйлаған тұңғыш атлет. Риз Ливерпульде өткен әлем біріншілігінің финалында 15.300, Антверпенде өткен әлем чемпионатында 15.100 ұпаймен жеңіске жетті. Маккленаген әлем кубогінің соңғы кезеңінде ғана бақ сынап, қола жүлдеге қол жеткізді. Бірақ ол Олимпиада жолдамасын алып қойғандықтан, рейтингтегі ұпайы төртінші орындағы біздің Нариманның еншісіне жазылды. 

Париж жолдамасы үшін таласта Курбановқа басты қарсылас болған гимнаст -иорданиялық Ахмад Әбу әл Суд. Бұл спортшы да гимнастикадан өз еліне тарихи жүлде әперген. Ахмад тұтқалы ат снаряды бойынша әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, 2022 жылғы Азия чемпионы. Ол ұзақ уақыт бойы Нариманмен теке-тіресіп келе жатқан атлет. Әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша 86 ұпай жинап, Париж ойындарына жолдама алды. Дохада өткен әлем кубогінің соңғы әрі шешуші кезеңінде Ахмадтың 15.500 ұпай жинағанын айта кету керек. Бұл спорттық гимнастикадағы жоғары ұпайлардың бірі саналады. 

Тұтқалы ат снаряды туралы айтқанда, әйгілі Макс Уитлокты, ұлыбританиялық гимнасты ұмыту мүмкін емес. Үш дүркін әлем, үш дүркін Еуропа чемпионы атанған ол Олимпиада ойындарында да үш рет топ жарған. Әсіресе, Уитлок үшін тұтқалы ат снаряды өте ыңғайлы. Ол бұл жаттығу бойынша Рио және Токио Олимпиадасының чемпионы. Сондай-ақ, Лондон Олимпиадасындақола жүлдегер атанған. Әлем чемпионатындағы үш алтынын да дәл осы тұтқалы ат снарядынан жеңіп алды. Макс  Токио Олимпиадасынан кейін біраз үзіліс алып, тіпті, үлкен спорттан кететінін де айтқан. Алайда, ол өз мансабындағы ең соңғы аялдама Париждегі жазғы ойын болатынын мәлімдеп, қызу дайындыққа кірісіп кетті. 

2021 жылғы әлем чемпионы Стивен Недоросчик  те тұтқалы ат снарядынан мықтылар қатарында. Ол бұл жаттығу бойынша Американың әлемдік деңгейдегі алғашқы алтынын алған спортшы. Сондай-ақ, Стивен соңғы он жылда ерлер арасындағы спорттық гимнастикадан әлем чемпионы  атанған тұңғыш атлет. 

Біз атын атап, түсін түстеген спортшылар – осылар. Бұдан бөлек, Қытай мен Жапонияның да бәйгеге қосылатын гимнастары барын ұмытпаңыз. Қарсыластар қанша жерден қарымды болса да, олармен тайталасуға Курбановтың да шамасы жетеді. Тек, комбинациядан қате жібермей, психологиялық тұрғыда мықты болғаны керек. Бас бапкер Александр Ким айтпақшы, Нариман да әлемдік элита қатарына енетін спортшы...

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Бүгінгі таңда елдің энергетикалық қажеттіліктері өсіп, экологиялық талаптар күшейіп келе жатқанда, атом электр станциялары тиімді және сенімді шешім болып...