Асланбек Шымбергенов: Капитанның Париж рингіндегі мүмкіндігі қандай

Асланбек Шымбергенов: Капитанның Париж рингіндегі мүмкіндігі қандай

Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов Олимпиадаға қатысу құқығын биыл ғана иеленді. Бұған дейін ол талай мәрте тасада қалып, төртжылдық додасының дуына түспеген. Қазір құрамадағы жағдай өзгеріп, Шымбергенов команда үздіктерінің біріне айналды. Енді оның мансабындағы басты бәсеке – Олимпиада күтіп тұр. Оның қарсыластары да сайдың тасындай іріктелген жігіттер, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Парижде Асланбек 71 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғайды. Қазақстандық боксшы іріктеуден іркілген жоқ. Ол Италияда өткен алғашқы іріктеу додасында жолдамаға қол жеткізді. Сондықтан, Олимпиадаға еш алаңсыз дайындалды деуге негіз бар. 

Шыны керек, Шымбергеновтің былтырғы жазғы Азия ойындарында жолдама мәселесін шешіп тастайтын мүмкіндігі болған. Бірақ жапондық Сэвон Окадзава жартылай финалда біздің боксшының жолын кесті. Демек, алдағы жазғы ойындарда тап осы жапондықтың қарымды қарсылас болары сөзсіз. 

Әңгіме Оказдаваның  Асланбекті қалай жеңгенінде болып тұр. Көпшілік жанкүйер 2021 жылғы әлем чемпионының Азиададағы жеңісін әділетсіз санайды. Төрешілер қазақ боксшысының қолын көтеруі тиіс еді. Бірақ сол жекпе-жек біздің пайдамызға шешілген жоқ. Париж шаршы алаңы есе қайтаратын ең сәтті орын болуы мүмкін. 

Әрине, Өзбекстан боксшылары қашанда басты қарсыластардың бірі саналады. 71 келі салмақта Асаходжа Муйдинхожаев бақ сынайды. Асланбек те, Асаходжа да 2023 жылғы әлем чемпионатында топ жарған. Бірақ өзбек боксшысы 67 келіде қарсылас шыдатпаған еді. 

Олар Ханчжоудағы Азия ойындарында да кездесті. Екеуінің жекпе-жегі құрлық ойындарындағы ең жарқын кездесулердің бірі болғаны да рас. Біздің капитан нағыз ерлік пен жігердің үлгісін танытып, қарсыласын үш рет нокдаунға жіберді. Осыдан соң, екі раунд бойы Шымбергеновке ұпай бермеген төрешілер жеңісті қазақ боксына жазуға мәжбүр болды. Қытайдағы есесін қайтаруды Асаходжаның да ойлайтыны анық. 

Ирландиялық Эйдан Уолш көпшілікке тосынсый болуы мүмкін. Ол кез-келген жекпе-жектің бағытын өзгертуге бейім боксшы. Токио Олимпиадасында қола жүлде алды. Жартылай финалға жарақаты кедергі болып шықпай қалды. Егер жарақат болмағанда, бұдан да жоғары нәтиже көрсетер ме еді?!

Еуропаның тағы бір үміті – британдық Льюис Ричардсон. Боксшының ең үлкен жетістіктерінің бірі – 2022 жылғы Еуропа чемпионатының күміс медалі. Сондай-ақ, Бирмингемде өткен Достық ойындарында үштікке енген. 

Иорданиялық боксшы, 2018 жылғы Азия ойындарының қола, 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Зейяд Ишаиш та жақсы қарсылас бола алады. Ол кезінде Асланбектен де, Окадзава мен Асаходжадан да жеңілген. Десе де, тізімнен сызуға болмайды. 

Еуропа ойындарының чемпионы Николай Тертерян (Дания), Еуропа чемпионы Вахид Аббасов (Сербия) және үндістандық Нишант Дев қауіпті қарсыластар қатарында. 

Бұл салмақтағы басты фаворит – біздің Шымбергенов. Енді оған өміріндегі ең биік белесті бағындыру ғана қалды. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа май экстракциялық зауытының құрылысы аяқталды. Зауытта жылына 370 мың тонна майлы дақылдар өңделеді, деп...

Премьер-министр Олжас Бектенов Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау,...

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар ұсынған өнімдер...