Олимпиадаға 23 күн қалды: Париж қарсаңында қазақстандық спортшылар қайда жаттығады

Олимпиадаға 23 күн қалды: Париж қарсаңында қазақстандық спортшылар қайда жаттығады

Париждегі Олимпиада ойындарының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Бүгінде жазғы ойындарға жолдама алған спортшылар дайындықтың соңғы кезеңін өткізуде. Атлеттердің бір бөлігі өз елімізде оқу-жаттығу жиындарын жалғастырып жатыр. Ал команданың бір бөлігі Париж қарсаңындағы соңғы дайындықты шетелде өткізуді жоспарлаған, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Семсерлесу

Аталған спорт түрінен Париж Олимпиадасына бес спортшы аттанады. Оның төртеуі шпагадан ерлер арасында, біреуі саблядан әйелдер арасында сынға түседі. Саблядан Қазақстан әйелдер командасы Олимпиада қарсаңында Францияның Орлеан қаласына аттнады. Бұл Айгерім Сарыбайдың төртжылдық додасы қарсаңындағы соңғы жаттығу жиыны. Оған командаластары Анастасия Гулик пен Карина Доспай көмектеседі. Жаттығу жиыны 10-24 шілде аралығына жоспарланды. 

Шпагадан Қазақстан ерлер командасы Париждегі Олимпиада ойындары қарсаңында Испанияның Альмерия қаласына жол тартады. Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Вадим Шарлаимов пен Ерлік Сертай үшін бұл жазғы Олимпиада қарсаңындағы соңғы жаттығу жиыны болмақ. Оларға Александр Федотов, Богдан Лукин, Кирилл Павлов және Никита Жулинский көмектеседі. Жаттығу жиыны 11-24 шілде аралығында өтеді. 

Бокс

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында жаттығу жиынын аяқтады. Бас бапкер Мырзағали Айтжановтың айтуынша, дайындық өте сапалы өткен. Қазіргі таңда спортшыларға бір апталық үзіліс берілді. Содан соң боксшылар Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында Олимпиадаға соңғы дайындық кезеңін өткізеді. Жаттығу жиыны 9-21 шілде аралығында ұйымдастырылмақ. 

Спорттық гимнастика

Милад Карими мен Нариман Курбанов бастаған спортшылар Францияның Труа қаласындағы жаттығу жиынынан оралды. Жиын барысында Еуропаның бес мемлекетінің қатысуымен халықаралық турнир өтті.

FIG ұйымдастыратын аталған бәсекеге біздің спортшылар да қатысып, Милад Карими көпсайыс қорытындысы  бойынша 1-орын иеленді. Ол жалпы есебі 83.750 ұпай жинаған. Екінші орында ұлыбританиялық Джо Фрейзер, үшінші орынды италиялық Марио Маччиати иеленді.

Қазіргі таңда гимнастар елге оралды. 1-7 шілде күндері команда Алматыда жаттығады да, 8 шілдеден бастап қайтадан Францияны бетке алады. 24 шілдеге дейін тағы бір жиын өтеді. Содан соң, 27 шілдеде біздің спорт түрінен Олимпиада ойындары басталмақ. 

Еркін күрес

Еркін күрестен Қазақстан командасы  1-15 шілде аралығында Дағыстанның Махачкала қаласында жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ал 20 шілде мен 5 тамызға дейін Алматы облысындағы Олимпиадаға даярлау орталығында соңғы жаттығу жиыны өтеді. 

Нысана көздеу

Нысана көздеуден Қазақстан командасы да Париж қарсаңындағы соңғы дайындықты Олимпиадаға даярлау орталығында өткізеді. Жаттығу жиыны 9-22 шілдеге жоспарлануда. 

Көркем гимнастика

Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының мүшесі Эльжана Таниева Париж Олимпиадасы қарсаңында Германияда жаттығады. Бұл туралы команда бас бапкері Әлия Юсупова айтты. 

"Эльжананың бағдарламасын қиындатып, жаңарған жаттығуларды екі халықаралық жарыста байқап көреміз. Кейін Германияда жаттығу жиынын өткіземіз. Қазіргі әлем чемпионы Дарья Варфоломеев сол жақтан. Ал Олимпиадаға бір апта қалғанда климатқа бейімделу үшін Испанияда боламыз", - деді бас бапкер.

Бадминтон

Аталған спорт түрінен тарихи жолдама жеңіп алған Дмитрий Панарин бұл күндері Малайзияда жаттығуда. 

"Дмитрий Панарин қазіргі кезде Малайзияда дайындалуда. Куала-Лумпурдағы ең мықты клубпен бірге жаттығып жатыр. Осының алдында Түркістан облысындағы "Алма тау" базасында ұлттық құрамамен бірге дайындықтан өтті. Қазір бәрі өз жарыстарына кетті. Панарин 22 шілдеге дейін Малайзияда болады. Кейін Париждегі Олимпиада ойындарына ұшып кетеміз", - деді бас бапкер Асқар Орманов. 

Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...