Францияның Труа қаласында алты мемлекет спортшыларының қатысуымен спорттық гимнастикадан халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Олимпиада қарсаңында өткен турнирге Франция, Ұлыбритания, Италия, Германия, Швейцария және Қазақстан командалары қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық Милад Карими жеңімпаз атанды. Ол көпсайыста 83.750 ұпай жинаған. Карими ең көп ұпайды еркін жаттығудан алды - 15.000.
Екінші орынды Ұлыбритания өкілі Джо Фрейзер иеленсе, үздік үштікті италиялық Марио Мачиати түйіндеген.
Бұл сында Миладтан бөлек Ілияс Азизов пен Нариман Курбанов та қатысты. Нариман тұтқалы ат снарядында 15.350 ұпай алды.