Париж Олимпиадасында Қазақстанның туын алып шығатын боксшы Асланбек Шымбергенов жазғы ойындарда жақсы өнер көрсету үшін аянып қалмайтынын айтты, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
"Әрбір спортшының арманы - Олимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алу. Менің де арманым осы. Сол арманымды орындау үшін бар күшімді саламын. 2004 жылы Бақтияр Артаев ағамыз Олимпиада чемпионы болған соң, туған ағам мені бокс секциясына ертіп келді. Содан бері жаттығып, спорттың бұл түрі өзіме ұнап қалды. Енді, міне, жазғы Олимпиадада еліміздің туын көтеріп шықпақпын. Ең бірінші кезекте бұл үлкен мәртебе, үлкен жауапкершілік. Туымызды желбіретіп барып, желбіретіп қайтамыз", - деді Шымбергенов.
Асланбек Шымбергенов бокстан әлем чемпионы және Азия ойындарының қола жүлдегері.