Eminem концерт беріп, Франция әлем чемпионы атанған: Париждегі жеңіл атлетика додасы қайта өтеді

Eminem концерт беріп, Франция әлем чемпионы атанған: Париждегі жеңіл атлетика додасы қайта өтеді

Санаулы күндерден соң басталатын 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жеті қазақстандық жеңіл атлет жолдама алды. Олардың барлығы Франциядағы атақты стадионда сынға түседі, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

«Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикадан төмендегі спортшылар ел намысын қорғайды: 

Ольга Сафронова (200 метр), Давид Ефремов (110 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева (екеуі де биіктікке секіру), Нора Джеруто (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Дэйзи Джепкемей (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру және 10 000 метр), Жанна Мамажанова (марафон).

Мамажановадан басқа атлеттеріміз түгелдей 1998 жылы тарихи спорттық оқиға өткен стадионда бақ сынайды. Арена әрбір француз үшін бағалы,өйткені,  сол стадионда Франция финалда Бразилияны жеңіп, әлем чемпионы атанған еді. 

Әрине, біз "Стад де Франс" туралы айтып отырмыз. Регби мен футболдан Франция құрамаларының жергілікті алаңы жеңіл атлетикадан олимпиадалық жарыстарды қабылдайды. Тек спорттық жаяу жүріс пен марафон жүлделері ғана стадионнан сыртқары жерде ойнатылмақ.

"Стад де Франс" Париждің солтүстігіндегі Сен-Дени қалашығында орналасқан және 1998 жылғы әлем чемпионатына арнайы салынды. Әлем чемпионатының финалынан бөлек, мұнда 2000 жылғы Чемпиондар лигасының ең басты матчы өтті. Жасыл алаңда испаниялық клубтар «Реал» мен «Валенсия» кездесіп, мадридтік клуб жеңіске жетті. Әр жылдары аталған стадионда Еуро ойындары өтіп, Чемпиондар лигасының тағы бір финалы ойнатылды («Реал» «Ливерпульді» жеңді).

"Стад де Франс" әлемдік музыка жұлдыздарының концерттерін жиі қабылдайды. Бұл алаңда The Rolling Stones, Eminem, Селин Дион, Тина Тернер, AC/DC, Пол Маккартни, U2, Мадонна, Red Hot Chili Peppers, Coldplay, Джастин Тимберлейк, BTS, Rammstein және тағы да  басқа әйгілі әншілер концерт берген. 

Жеңіл атлетикаға келер болсақ, 2003 жылы «Стад де Франста» әлем біріншілігі өтті. Араға жылдар салып, мұнда жеңіл атлетика бәсекесі тағы да ұйымдастырылады. 

Олимпиадада алғашқылардың бірі болып Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева және Дэйзи Джепкемей сынға түседі. 2 тамызда биіктікке секірушілер арасында іріктеу өтеді (Астана уақытымен 13:15-те басталады), ал Джемпекей 10000 метрде финалға қатысады (00.20 басталады)

4 тамызда Нора Джеруто мен Дэйзи Джемпекей (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру) және Давид Ефремов, Ольга Сафронова жарысты бастайды (13:55, 14:50). 

Ең соңғы болып Жанна Мамажанова жарыс жолына шығады. Әйелдер арасындағы марафон Олимпиаданың соңғы жарыс күні – 11 тамызға белгіленген. Басталуы -  11.00. 

Марафон Париждің маңызды жерлерін басып өтеді. Қала мэриясы Отель-де-Вильден басталған жарысқа қатысушылар Версальді бетке алады. Ал мәре Мүгедектер үйіне белгіленген. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ