Алматы әкімі Париж Олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттады

Алматы әкімі Париж Олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттады

Алматы әкімі Ерболат Досаев Парижде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан алматылық спортшылармен кездесті, деп хабарлайды No-comment.kz - Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Шаһар басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларды Олимпиаданың күміс жүлдегері – гимнаст Нариман Құрбановты, қола жүлдегерлер - дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевты, боксшы Назым Қызайбайды және оқ атудан сайысқа түскен мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаевты жетістіктерімен құттықтады.

«Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен алматылық спортшылардың Қазақстан қоржынына көп медаль салғаны қуантады. Таланттарыңыздың, табандылығыңыздың және еңбекқорлығыңыздың арқасында сіздер маңызды да тарихи жеңіске қол жеткізіп, халықтың ыстық ықыласына ие болдыңыздар, әлемдік спорттың дамуына үлес қостыңыздар. Сіздер сүйікті ісіңіз бен туып-өскен еліңізге деген сүйіспеншілігіңіздің жарқын үлгісісіздер», - деді Алматы әкімі. 

Ерболат Досаев Нариман Құрбановқа екі бөлмелі пәтердің, ал Ғұсман Қырғызбаевқа, Назым Қызайбайға, Александра Ле мен Ислам Сәтбаевқа бір бөлмелі пәтердің сертификатын табыс етті. Сонымен қатар, спортшыларға 5 және 4 миллион теңгеден ақшалай сертификаттар және жаңа автокөліктердің кілті табысталды. Әкімдік берген тұрғын үй сертификатымен бірге Нариман Құрбановқа демеушілер есебінен тағы бір пәтер сыйға берілді.

Олимпиадада елдің намысын қорғаған барлық алматылық спортшы мен бапкерлер құрамы ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Кездесуде олимпиадашылар алматылықтар мен бүкіл Қазақстан халқының қолдауын сезінгенін, жарыс кезінде жігерін жанып, жеңіске жетелегенін айтты. Сондай-ақ, олар қала басшысы Ерболат Досаевқа назардан тыс қалдырмай, әкімдік тарапынан көңіл бөлгені үшін алғыс білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 26 шілдесінен 11 тамызына дейін Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында алматылық спортшылар 1 күміс және 3 қола жүлде, жалпы жиыны 4 медаль жеңіп алды.

Анықтама үшін: «Astana Motors» және «Orbis Auto» компанияларының демеушілігімен Нариман Құрбанов Hyundai Santa Fe автокөлігін, Ғұсман Қырғызбаев пен Ислам Сәтбаев Hyundai Tucson кроссоверін, Назым Қызайбай мен Александра Ле Zeekr X жол талғамайтын көлігін алды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ...

30 жасқа толған, заң саласында жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан азаматы судья бола алады. Қазіргі уақытта судья лауазымына конкурстық іріктеу...