Nike компаниясы Бразилия құрамасы және «Пари Сен-Жермен» футболшысы Неймармен компания қызметкеріне қатысты жыныстық зорлық-зомбылық тергеуі басталғаннан кейін келісімшартты мерзімінен бұрын бұзды, - деп хабарлайды РИА Новости.
Бұл туралы Wall Street Journal газеті ақпарат көздері мен құжаттарға сілтеме жасай отырып жазады.
Басылым мәліметі бойынша, 2020 жылдың тамызында Nike әлемдік футбол жұлдызымен келісімшартты негізсіз бұзған. Бірақ ол кезде шарттың бітуіне әлі сегіз жыл уақыт болған. Газет мәліметіне сүйенсек, бұл Неймарға қатысты басталған ішкі тергеуге байланысты болған.
2016 жылы Nike қызметкерлерінің бірі таныстарына, сондай-ақ әріптестеріне футболшы оны Нью-Йорктегі қонақүй бөлмесінде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуге тырысқанын айтқан. Ол Неймарға іс-шаралар мен логистиканы үйлестіруге көмектескен, деп жазады газет.
2018 жылы қыз компанияға шағым түсірген. Осыдан кейін Nike 2019 жылы тергеу жүргізу үшін адвокаттарды жалдаған. Күдік тууына байланысты компания Неймарды маркетинг саласында қолдануды тоқтатуға ұйғарған. Ал 2020 жылы компания футболшының адвокаттармен жұмыс істеуден бас тартуына байланысты қарым-қатынасты мүлдем тоқтатады.
Футболшының өзі айыптауды жоққа шығараған. Неймардың айтуынша, компания мен футболшы коммерциялық себептерге байланысты қатынасты тоқтатқан.