Алматы қаласында Almaty Theatre сахнасында Әз-Наурыз мейрамына орай «FOLK SHOW NAURYZ» концерті өтті. Кеш Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Аталмыш жоба авторы, дирижер – Әділет Азбаев. Концерт аясында қазақтың күй және дәстүрлі ән өнері заманауи өңдеуден өтіп, жаңа форматта көрерменге жол тартты. Сонымен қатар, әлемге танымал кинотуындылардың саундтректері де ұлттық аспаптарда орындалды.
Іс-шараға қобызшы Олжас Құрманбек, Гүлнұр Саргизова, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Ербол Тәжібаев, Дана Сәбит, Шахзод Сана, Ақынер Айлин, Ақылбек Бектасов, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының би ансамблі мен Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі студенттерінен құралған хор қатысты.
Концертте әртістердің жоғары деңгейде көрсеткен өнері, сахнадағы көркемдік шешімдер мен музыкалық қойылымдар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

