Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Арман Үмітов Өскемендегі Шәкәрім атындағы № 1 орта мектептің 9–10-сынып оқушыларына профилактикалық лекция өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында оқушыларға құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың, соның ішінде есірткі заттарын тарату мен өткізудің салдары түсіндірілді. Сондай-ақ қылмыстық жауаптылық, заңсыз әрекеттерге тартылу қаупі және жеңіл табыс табуды уәде ететін күмәнді ұсыныстардың зардабы туралы айтылды.
Бұдан бөлек, жол жүрісі қағидаларын сақтау, балалардың жолдағы қауіпсіздігі және жасөспірімдерді құқыққа қайшы әрекеттерге итермелейтін орта мен топтардың ықпалы мәселелері қозғалды.
Оқушыларға өз құқықтары мен міндеттерін білу, қауіпті жағдайларды дер кезінде аңғару және әрбір әрекетінің салдарын түсіне білу маңызды екені айтылды.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты — жасөспірімдердің заң мәселелері бойынша сауаттылығын арттыру, қауіпті жағдайларды танып, саналы шешім қабылдай білуіне көмектесу.
Полиция жастарды өзгенің ықпалына ермеуге, күмәнді ұсыныстарға келіспеуге және жеке қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады. Өйткені бір сәттік ойланбай жасалған әрекет адамның бүкіл болашағына әсер етуі мүмкін.


