Қазақстан өңірлерінде «Халық әуені» мәдени жобасы жалғасып жатыр. Жобаның екінші күнгі концерттік бағдарламаларын 7 мыңға жуық көрермен тамашалады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
21-23 мамыр аралығында өтіп жатқан концерттік-гастрольдік тур аясында еліміздің 17 облысында жетекші шығармашылық ұжымдар өнер көрсетуде. Жоба аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерді қамтып, өңір тұрғындарына кәсіби деңгейдегі концерттік бағдарламаларды ұсынуға бағытталған.
Екінші күні көрермендерге дәстүрлі ән, халық музыкасы, заманауи эстрадалық шығармалар, хореографиялық қойылымдар мен мюзикл жанрындағы бағдарламалар ұсынылды. Концерттерге Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Алтынбек Қоразбаев, Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Өнербаев, Құрмаш Махан, Жеңіс Ысқақова, Жанна Орынбасарова, сондай-ақ «Отырар сазы» оркестрі, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі және өзге де өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар қатысты.
Бірқатар өңірде концерттермен қатар шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылды. Бұл өнер иелеріне жергілікті тұрғындармен, жас таланттармен және мәдениет саласының өкілдерімен тікелей жүздесуге мүмкіндік берді.
«Халық әуені» жобасы мәдени құндылықтардың қолжетімділігін арттыруға, ұлттық руханиятты дәріптеуге және ел өңірлері арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.
Жоба «Қазақстан Халық Банкі» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда. Концерттік-гастрольдік тур аясында өңірлерде барлығы 51 концерт өткізу жоспарланған.

