Шымкент қаласында Shanghai Fangyuan Steel Structure Co., Ltd. компаниясының өкілдерімен іскерлік кездесу өтті. Кездесу барысында инвесторлар индустриалды аймақтың мүмкіндіктерімен танысып, болашақ жобалар бойынша пікір алмасты.
Shanghai Fangyuan Steel Structure Co., Ltd. — болат конструкцияларын жобалау, өндіру және монтаждау бойынша Қытайдағы жетекші компаниялардың бірі.
Shanghai Fangyuan өкілдері Шымкент қаласынан зауыт салуға мүдделі екендіктерін білдіріп, индустриалды аймақтың инфрақұрылымы мен қолдау тетіктеріне жоғары баға берді.
Кездесу кезінде тараптар жобаның алдын ала параметрлерін талқылап, өндірістік алаңдардың қолжетімділігі, көлік логистикасы, жергілікті кадрлық ресурстар және мемлекеттік қолдау механизмдері жөнінде пікір алмасты. Қонақтар қала әкімдігі мен индустриалды аймақ басшылығынан ұсынылатын жеңілдіктер туралы нақты ақпарат алды.
Шымкенттің индустриалды аймағы инвесторлар үшін дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, бұл шетелдік компаниялар үшін жобаларды қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік береді. Shanghai Fangyuan компаниясы үшін бұл – Орта Азия нарығына шығудың тиімді мүмкіндігі ретінде қарастырылуда.
Сонымен қатар, кездесуде жергілікті серіктестермен кооперация орнату, технология трансфері және кадрлар даярлау мәселелері де қозғалды. Бұл жобаның жүзеге асуы – болашақтың ісі, бірақ тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.
Сонымен қатар, Shanghai Fangyuan өкілдері Шымкенттегі өндірістік кластерлер мен құрылыс нарығының даму әлеуетіне қызығушылық танытты.
Тараптар арасында тәжірибе алмасу, техникалық құжаттамамен жұмыс істеу және келешектегі техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу мүмкіндігі де қарастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасатын болады.

