Шымкентте тазалық пен тәртіпті бұзғандар жауапқа тартылды

Шымкентте тазалық пен тәртіпті бұзғандар жауапқа тартылды

1-14 тамыз аралығында Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза Қала» атты профилактикалық іс-шара өтуде. Шараның негізгі мақсаты - қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық және құқықтық мәдениетін арттыру.

Рейдтік жұмыстар Шымкент қалалық полиция департаменті мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілуде. Нәтижесінде, бірқатар азаматтар мен кәсіпкерлік нысандардың иелері санитариялық талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда тыныштықты бұзған тұлғаларға да заң шеңберінде шара қолданылды.

Шара аясында аулалар мен көшелерге, саябақтар мен скверлерге, жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығына ерекше мән берілуде.

Құзырлы органдар қала тұрғындарын тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастауға, тазалық пен тәртіпті сақтауға және айналадағылардың тыныштығын құрметтеуге шақырады.

Бұдан бөлек, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында қала мектептері мен колледждерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Экобелсенділер мен волонтерлер тұрғындармен әңгімелесіп, табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығын түсіндіруде. «Таза Қала» іс-шарасы - тек тазалықты сақтау ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған бастама. Осыған орай, түрлі мекемелер мен кәсіпкерлік субъектілері сенбіліктерге қатысып, өз аудандарын абаттандыруға үлес қосуда.

Шара аясында бейнебақылау жүйелері арқылы тіркелген құқықбұзушылықтар да назардан тыс қалмауда. Белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған немесе көлік құралдарын рұқсат етілмеген жерге қойған азаматтарға да ескерту жасалып, заң аясында шаралар қолданылып жатыр.

«Таза Қазақстан» акциясы мен «Таза Қала» іс-шарасы қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға ғана емес, тұрғындардың тәртіпке деген көзқарасын өзгертуге де бағытталған. Ұйымдастырушылар бұл бастамалар тұрақты сипатқа ие болып, жыл бойы жалғасын табатынын айтады. Қала тазалығы — әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан да барша тұрғындардан белсенділік пен сана мәдениетін таныту сұралады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...