Қазақстандық “Баракат Инвест” компаниясы соңғы он жылдан бері бетон және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру саласында табысты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда компания өндіріс көлемін арттырып, ел өңірлеріндегі құрылыс индустриясын дамытуға белсенді кіріскен.
Алдағы уақытта зауыттың ірі өндіріс жобасы - Шымкентте жүзеге асырылмақ. Инвестиция көлемі - 5,5 млрд теңгеге бағаланған.
Зауыт басшылығымен өткен кездесуде Шымкент қаласындағы индустриалды аймақтар туралы толыққанды ақпарат берілді. Және бос жер телімдері таныстырылды.
Аталған зауыт іске қосылса, 100–150 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, өңірде құрылыс материалдарын жергілікті деңгейде өндіруге мүмкіндік беріп, импортқа тәуелділікті азайтады.
Компания өкілдері Шымкенттегі өндірістік инфрақұрылымның дайындығына оң баға беріп, индустриалды аймақтарда бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Жергілікті билік тарапынан ұсынылатын қолдау шаралары, инженерлік желілермен қамтамасыз ету, жеңілдетілген рәсімдер мен әкімшілік кедергілердің азаюы инвесторлар үшін маңызды факторлардың бірі болып отыр.
Болашақта зауыт өндіріс көлемін арттырып, Орталық Азия елдеріне экспорттық жеткізілімдерді де жүзеге асыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасына қосымша кіріс әкеліп, отандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.
Жергілікті кадрларды жұмысқа тарту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып қана қоймай, мамандарды оқыту, қайта даярлау бойынша да бірқатар бағдарламалар қарастырылуда. Бұл – қала тұрғындары үшін әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тиімді мүмкіндік.
Қазіргі уақытта тараптар жобаны жүзеге асырудың нақты кезеңдерін пысықтап жатыр. Қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеу, инфрақұрылымға қосылу және құрылыс жұмыстарын бастау – алдағы айлардағы негізгі жоспарлардың бірі. Осындай ауқымды жобалардың жүзеге асуы Шымкентті еліміздің ірі өндірістік хабтарының біріне айналдыру жолындағы маңызды қадам саналады.
Шымкенттің өндірістік әлеуеті мен географиялық артықшылықтарын ескерсек, бұл жоба өңір үшін стратегиялық маңызы бар қадам болмақ.
«Barakat Invest» Шымкентте жаңа зауыт салмақ

