Шымкент қаласында Ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтті. Мереке Абай саябағында ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының және этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, белсенді жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік рәсімде бүлдіршіндер Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Көрме орталығында өткен «Ұлы Даланың Ұлы Абайы» атты экспозицияда ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты кітаптар, фотосуреттер, қолжазбалар мен тұрмыстық бұйымдар қойылды.
Қатысушылар әрбір дерек пен көрме затына үлкен қызығушылықпен қарап, Абайдың мол мұрасымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.
Экспозиция ақынның аудармашылық қызметіне, қоғамдық көзқарасына, философиялық ойларына қатысты бөлімдермен де толықтырылды.
«Хакім Абай» музейін аралау кезінде келушілерге ақынның заманы, отбасы, шығармалары жайлы кеңірек мағлұмат берілді. Мұражайдағы интерактивті стендтер мен ақпараттық материалдар Абайдың тұлғасын жаңа қырынан тануға сеп болды.
Шараға келген зиялы қауым мен этномәдени бірлестік жетекшілері Абайдың мұрасын қазіргі заман жастары үшін тәрбиелік құрал ретінде пайдалану қажет екенін атап өтті.
Іс-шараның барлық кезеңі қала тұрғындарының белсенді қатысуымен өтті. Қатысушылар мерекенің ұйымдастырылу деңгейіне оң баға беріп, мұндай тағылымды шаралар ел бірлігі мен рухани жаңғырудың маңызды бөлігі екенін айтты.
Барлық іс-шаралар алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілді.
Рухани-мәдени мереке республикалық «Абай әлемі» байқауымен қорытындыланып, қаладағы мәдениет мекемелерінде концерттер мен әдеби кештер өтті.

