Жаңа мүмкіндікке жол ашу: Шымкентте кәсіптік оқыту арқылы жұмысқа орналасуға жағдай жасалуда

Жаңа мүмкіндікке жол ашу: Шымкентте кәсіптік оқыту арқылы жұмысқа орналасуға жағдай жасалуда

Шымкент қаласында еңбек нарығының қажеттіліктеріне сай кадрларды даярлау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы аясында 770 жұмыссыз азамат жаңа мамандық игеріп, еңбекке араласуға мүмкіндік алмақ. Бұл бастама халықты әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған кешенді шаралардың бірі ретінде іске асырылуда.

Аталған оқыту Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы негізінде ұйымдастырылады. Оның аясында 610 азамат білім беру ұйымдарында кәсіптік дағдыларды меңгерсе, қалған 160 азамат тікелей жұмыс берушілердің өндірістік базасында оқудан өтеді. Оқу мерзімі ішінде тыңдаушыларға шәкіртақы төлеу көзделген: оқу орнында білім алатындарға ай сайын 43 574 теңге, ал өндірістік дайындықтан өтетіндерге 78 640 теңге көлемінде төлем қарастырылған. Бұл – жұмыссыз азаматтардың материалдық жағдайын жеңілдетіп қана қоймай, олардың жаңа мамандықты табысты меңгеруіне серпін береді.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту келесі салаларды қамтиды: стилист-шаштараз, визажист, бухгалтер-кассир, аспаз, кондитер, тәрбиеші көмекшісі, тігінші-пішуші, автомеханик, слесарь-сантехник, электрогазбен дәнекерлеуші, электрик, киім дизайнері және кестелеуші. Бұл мамандықтардың бәрі бүгінде еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Яғни, оқуды аяқтаған азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі мол. Осылайша, кәсіптік оқыту – кәсіби өсуге, өз ісін бастауға және тұрақты табысқа жетуге бағытталған нақты қадам.

Жаңа мамандыққа ие болғысы келетін азаматтар ең алдымен аудандық мансап орталығына барып, «жұмыссыз» мәртебесін алуы қажет. Бұл мәртебені алғаннан кейін кәсіптік оқуға қатысуға өтініш беруге болады. Қаланың әр ауданында жұмыс істейтін мансап орталықтары азаматтарға барынша қолжетімді болуы үшін арнайы ашылған. Мысалы, Абай ауданында Арғынбеков көшесі, 243/3 мекенжайында, Еңбекші ауданында Астана шағынауданы, 106 үйде, Әл-Фараби ауданында Байтұрсынов көшесі, 201, Қаратау ауданында Бәйтереков көшесі, 89 және Тұран ауданында Қазыбек би көшесі, 50 мекенжайы бойынша қызмет көрсетіледі.

Осылайша, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан бұл кәсіптік оқыту – жай ғана оқу емес, ел болашағына, әлеуметтік тұрақтылыққа, әрбір адамның лайықты өмір сүруіне жасалған нақты қадам. Еңбек адамының бейнесін танымал етіп, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыратын мұндай жобалар қоғамның дамуына да, экономикаға да оң ықпал етеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...