Еңбектің еленуі - әрбір маман үшін зор қуаныш, ал мемлекет тарапынан берілетін марапат - бүкіл еңбек жолының шынайы бағасы. Осындай мәртебеге ие болған тұлғалардың бірі - «Шымкент» халықаралық әуежайының Инженерлік-авиациялық қызметінде 2-разрядты ұшу аппараттарын жуушы болып еңбек етіп жүрген Пірманова Нұрзейнеп Жанабековна. Ол Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, адал еңбектің айқын үлгісі ретінде танылды.
Нұрзейнеп Жанабековна 1966 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Орта кәсіби білім алып, еңбек жолын ерте жастан бастаған. Қазіргі таңда оның жалпы еңбек өтілі - 44 жыл, ал әуежай саласындағы тұрақты қызметі - 27 жылға жуықтады. Бұл - табандылықпен, бір салаға деген берілгендікпен өлшенетін көрсеткіш.
Жұмыс барысында ол әрдайым жауапкершілік пен ұқыптылықты бірінші орынға қояды. Ұшу қауіпсіздігі мен техникалық тазалықтың жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ету - оның күнделікті атқаратын маңызды міндеттерінің бірі. Әріптестері оны еңбекқор, тиянақты және сыпайы мінезімен жақсы таниды. Ұжымда сыйластық орнатып, жас мамандарға тәжірибесін бөлісуден жалықпайды. Бұл - оның тек кәсіби білікті ғана емес, адами қасиеттері жоғары маман екенін көрсетеді.
«Ерен еңбегі үшін» медалі - Нұрзейнеп Жанабековнаның ұзақ жылғы еңбегінің лайықты бағасы. Бұл марапат - көзге көп көріне бермейтін, алайда аса маңызды жұмыс атқаратын қарапайым мамандардың да ел алдында елеусіз қалмайтынын дәлелдейді. Әуежай - тәртіп пен жүйелілік талап етілетін сала. Мұнда әр қызметкердің жұмысы үлкен механизмнің бір бөлшегіндей маңызды. Осындай жауапты ортада Нұрзейнеп Пірманова сынды мамандардың үлесі орасан.
Оның тұрақтылығы, еңбекке адалдығы мен кәсіби ұстанымы - жас буынға үлгі. Ұжым арасында абыройлы болу, ұрпаққа өнеге көрсету - нағыз еңбек адамының басты қасиеті. Мұндай адамдардың табанды еңбегі мен төзімділігі ел дамуының іргетасын құрайды.
Мемлекеттік марапат - бұл құрметтің ең жоғары нышаны. Ал Нұрзейнеп Жанабековнаның марапатталуы - өмірін еңбекпен өрген жандардың ел есінде қалатындығының дәлелі. Еңбегімен еленген жан - нағыз қоғам мақтанышы.

