Техникалық білімге деген сенім артып келеді

Техникалық білімге деген сенім артып келеді

Қазақстанда 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы кәсіби-техникалық білімге деген көзқарасты жаңа деңгейге көтерді. Бұл бастама әсіресе жастар арасында техникалық мамандықтарға деген қызығушылықты арттырып, оқу орындары мен өндіріс орындары арасындағы байланысты күшейте түсті. Шымкенттегі Жол-көлік колледжі осы үрдістің жарқын үлгісіне айналып отыр.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл оқу орны бүгінде заман талабына сай жаңарып, болашақ мамандарды даярлауда ерекше қарқынмен еңбек етуде. Колледждің материалдық-техникалық базасы қазіргі талаптарға толық сәйкес келеді: арнайы жабдықталған оқу-өндірістік шеберханалар, заманауи гараж кешендері мен нақты өндірістік тәжірибе алаңдары студенттерге білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беруде.

Колледждің оқу-өндірістік шебері Киелібек Жүнісовтің айтуынша, соңғы жылдары көлік жөндеу, автоэлектрик, сервистік қызмет көрсету сияқты мамандықтарға деген сұраныс пен қызығушылық күрт артқан. Бұл – нарықтағы өзгерістерге байланысты заңды құбылыс. Әр отбасында кемінде бір автокөлік бар, ал жаңа маркалардың саны күннен-күнге артып келеді. Toyota, Hyundai, KIA, және Қытайдан әкелінетін көліктер – барлығы да кәсіби қызмет көрсетуді қажет етеді.

Қазіргі таңда колледжде үш мыңға жуық студент білім алып жатыр. Оқу бағдарламасымен қатар, олар нақты өндірістік тәжірибеден өтеді. Жаз айларында студенттер автосервис саласындағы кәсіпорындарда практикадан өтіп, нақты дағдыларды меңгеруде. Бұл ретте колледж жеке кәсіпкерлермен белсенді әріптестік орнатып отыр.

Мысалы, «ROYAL MOTORS» автосалоны жыл сайын студенттерді өндірістік тәжірибеге қабылдап, оларды кәсіби ортаға бейімдеуге үлес қосуда. Компанияның негізін қалаушы Бағлан Көпбаев жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіби білікті маман – кез келген өндірістің тірегі, ал тәжірибеден өткен жас кадрлар бүгінгі еңбек нарығында аса қажет.

Жақында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған шара осы әріптестікті тағы бір мәрте бекіте түсті. Іс-шара аясында тәжірибе алмасу ұйымдастырылып, өз ісіне адал қызметкерлер марапатталды. Жас мамандар үшін бұл басқосу – үлкен ынталандыру ғана емес, кәсіби жолындағы алғашқы маңызды қадамдардың бірі болды.

Оқу орындары мен өндіріс орындары арасындағы мұндай байланыс — техникалық білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам. Бұл жастардың сапалы білім алып қана қоймай, еңбекке ерте бейімделуіне де жол ашады. Білікті маман – экономиканың іргетасы. Ал бұл іргетасты бүгінгі колледж студенттері мен олардың тәжірибелі тәлімгерлері бірлесе қалауда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...